$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Кореяға жұмыс істеуге кеткен отандасымыз 1,5 жылдан бері табылмай жатыр

AstanaTV
12.01.2023ж. 20:00
3387
Кореяға жұмыс істеуге кеткен отандасымыз 1,5 жылдан бері табылмай жатыр

Кореяға жұмыс істеуге кеткен отандасымыз бір жарым жылдан бері табылмай жатыр. Шығыс Қазақстан облысының тумасы алғашқы кезде анасымен тұрақты хабарласып тұрған. Тапқан табысын жіберіп отырған. Енді қызынан хабар ала алмай жүргенін айтады. Баласын шарқ ұрып іздеген анамен Мерей Қалиасқар тілдесті.

Шығыс Қазақстан облысының тумасы Альбина Кабдулдина есепші мамандығын меңгеріп, сауда үйінде сатушы болып жұмыс істеді. Жолдасы қайтыс болып, 13 жастағы жалғыз қызымен қалады. Анасына баспана алып бермек ниетпен табысы көп жұмыс іздейді. Осы мақсатта 2019 жылы Кореяға кетеді.

Айгүл БОЛСАЕВА, А. КАБДУЛДИНАНЫҢ АНАСЫ:

Постоянно связьда болды. Бір емес, екі рет шығатын. Жұмыс орнын көрсететін. Қайда істеп жатқанын, зауыттарын көрсететін. Пандемия уақытында визасымен проблема болды. Сол кезде шыға алмай қалдым деді. Бірақ бастықтары керек затты әкеп береді деді. Пусан, Сеул деген қалаларды ауыстырып отырды жұмыс табу үшін. Үйге қайт дегенде: мам, үйге барғанда не істеймін? табыс жоқ. Әйтеуір келгеннен кейін бірдеңесін жинап, теріп может бірдеңе аламыз деп сондай ниетпен кетті ғой.

35 жастағы Альбинамен байланыс 2021 жылдың 13 маусымында үзілді. Өзін қоярға жер таппаған ана қызын тауып беремін деген айлакерлерге тап болып, 10 млнға жуық ақша берген.

Айгүл БОЛСАЕВА, А. КАБДУЛДИНАНЫҢ АНАСЫ:

Уже міне 1 жарым жыл болды. Мен білмеймін қайда екенін...барлық мүмкіндікті жасадық. Дүниенің ақшасын жібердік. Бір әйел болысамын деп тоже отырғызып кетті үлкен ақшаға. Сөйтсе аферистка боп шықты. Енді білмеймін кімге сенуге болады? Қалай іздеуге болады? Мен білмеймін.

Анасының баспаған табалдырығы, ашпаған есігі қалмады. Заңсыз мигранттардың құқығын қорғайтын "Корея көмек" қайырымдылық қорының мүшесі Самат Ахметов те отандасымызды іздеуге атсалысып келеді.

Самат Ахметов, "КОРЕЯ КӨМЕК" ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ҚОРЫНЫҢ ӘКІМШІСІ:

Альбина деген қарындасымызды да ҚР Оңтүстік Кореядағы елшілігі өте жақсы көмектесіп, барлық жерге ақпараттарды таратып, тергеу және құқық қорғау органдарымен 3-4 рет кездесу өткізді. Біздің өзіміз Корея көмек Альбинаның мамасымен тікелей байланыс орнатып, Кореяның 72 мәйітханасына барып, өлгендердің арасында бәлкім бар шығар деп алайда өлгендердің қатарында да, миграциялық бөлімге, түрмеге түскендердің қатарында қарындасымыздың тізімі әлі анықталған жоқ.

Қазіргі таңда Оңтүстік Кореяда 37 мыңнан астам қазақстандық бар. Олардың 11 мыңы заңсыз мигрант. Жылына сол елде іс-түссіз жоғалатын жергілікті және шетел азаматтардың саны 11 мыңнан асады.

Исламбек ӘЛИЕВ, КОРЕЯҒА КЕҢЕС БЕРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

30 күннен артық жүретін болса, автоматты түрде заңсыз боп есептелінеді. Нақтысын айтқанда барып жатқан адамдардың 80-90 проценті сол жақта жұмысқа қалып қойып жатқан адамдар. Ол жақтағы айлықты толық айта алмаймын енді. Бірақ біздің естуіміз бойынша 800-900 мың теңгеден басталады.

Бұл не деген батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық. Оңай табыс болмайтынын естен шығармау керек.

Қ. Мерей