Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Теміртау қаласында жылудың нашарлығынан 24 мектеп онлайн оқуға көшірілді

AstanaTV
16.01.2023ж. 20:00
1772
Теміртау қаласында жылудың нашарлығынан 24 мектеп онлайн оқуға көшірілді

Қарағанды облысының Теміртау қаласында 24 мектеп онлайн оқуға көшірілді.Сыныптар тым суық болғандықтан білім бөлімі осындай шешім қабылдауға мәжбүр. Ата- аналар бұған жаппай наразылық білдірді. Тұрғындар шаһарды жылумен қамтамасыз ете алмай отырған жергілікті жылу орталығының басшылары мен әкімдіктің лауазым иелерін жауапқа тартуды талап етуде.

Теміртауда жалпы білім беретін 24- інші мектептің 1200 оқушысы бүгін қашықтан оқуға мәжбүр. Ғимараттағы ауа температурасы небәрі 6- 8 градус, сыныптар суық. Жиналысқа келген мұғалімдер қырық қабат киініп алған. Педагогтар жылу маусымы басталғалы бойлары жылынбағанын айтады.

Марина ГРИБАНОВА, №24 МЕКТЕПТІҢ МҰҒАЛІМІ:

Терезені мұғалімдер целофанмен жауып, желімдеп жылытқан болдық. 6 жарым градус, балалар қалай шыдайды? Бұған дейін жылынды дегеннің өзінде 10-12 градустан аспайды. Балаларға қалың киінуге рұқсат бердік. Бұл мәселені қала әкімі шешу керек қой.

Өткен апта аязға байланысты балалар 4 күн бойы онсыз да қашықтан оқыған. Апта аяғында сыныптарына оралуы тиіс еді, алайда қалада жылудың нашар берілуіне байланысты сабаққа қатыса алмай отыр. Бүгін шаһарда 24 мектеп онлайн оқуға көшірілді.Ата- аналар мен ұстаздар бұған жаппай наразылық білдіріп жатыр.

Серік БЕКТҰРҒАНОВ, АТА- АНА:

Балалар жалпы толық білім алатын ол мектеп. Мұнда давление жоқ, ыстық келіп жатқан жоқ.Әкімшілік ештеңе айтпайды. ТЭЦ бізде тамаша дейді. Ал зардап шегіп жатқан біз. Неге жылу жоқ, ТЭЦ құбырларды ауыстырмаған. Магистарлы ауыстырғанмен жылу жоқ, үйлерде де жылу жоқ.

Жергілікті әкімдік өкілдерінің хабарлауынша, «АрселорМиттал Теміртауға» тиесілі қаланың негізгі жылу орталығы кесте бойынша 85 градус жылу беруі тиіс, алайда қазір 67 градустан асыра алмай отыр. Оның үстіне шаһардағы 5 қазандықтың біреуі істемейді.

Самат ЗИЯШОВ, ТЕМІРТАУ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Жылу энергетика орталығы «Арселор Митталдың» проблемасы бар. Санитарно- эпидемиологиялық нормаға сәйкес мектептередегі температурный режим сәйкес келмейді. Нормаға сәйкес 17 градустан төмен болмау керек. Арселор Миттал жылу беру мәселесі бойынша айналысып жатыр.Бүгін кешке дейін жағдай тұрақталады деп сенімдеміз.

Ал «Арселор МитталТеміртау» компаниясы өзіне тиесілі 5- інші қазандыққа қатысты ақпарат бермеді.

Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ:

Айта кетейік қазір Теміртау қаласында 29 мектеп бар. Яғни бүгін соның бесеуі ғана жұмыс істеп тұр. Балалар ертең де қашықтан оқитыны туралы жаңа ғана хабарлама тарады. Бұған ата-аналар наразы. Шаһарды жылумен қамтамасыз ете алмай отырған жылу орталығының басшылары мен әкімдіктегі лауазым иелерін жауапқа тартуды талап етуде. Айжан Қуаш, Жанайдар Рақымжанов, АстанаТаймс Қарағанды облысынан.

А. Қуаш