Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Жерлеу рәсімін бизнеске айналдырған кімдер?

AstanaTV
16.01.2023ж. 20:00
2665
Жерлеу рәсімін бизнеске айналдырған кімдер?

Қымбатшылық жерлеу рәсіміне де жетті. Ел ішінде марқұмды соңғы сапарға аттандыру жоралғысына кететін шығын екі есеге өскен. Мұны естіген халық ақшасы жоқ адамға өлуге де болмайды деп ашынып отыр. Жерлеу рәсімін кәсіпке айналдырған кімдер? Аружан Задабек тарқатады.

Қазір желіні ашып қалсаң, діни рәсім жасаумен айналысатын агенттіктердің жарнамасынан көз сүрінеді. Солардың біріне хабарласып едім, ә дегеннен қандай қызмет көрсете алатынын тәптіштеп тұрып түсіндіріп берді. Ақшасын берсең жерлеу рәсімін толықтай ұйымдастырып беруге дайын агенттік өкілі «өлген адамның жақындары тек дайынға ғана келеді» деді. Тек 160 мың теңгесін төлеуің керек.

Соңғы сапарға шығарып салу осы 160 мыңмен шектеледі десеңіз, қателесесіз. Марқұмды жер қойнына тапсыру бір бөлек, оған құлпытас орнату тіптен бөлек әңгіме. Мәселен, жасыл түсті граниттен қойылған құлпытас қоршауымен 1 200 000 теңгеге барады. Оның өзі тапсырыспен 21 күнде дайындалады. Ал жай мәрмәрдан қойылатын құлпытас 500 мың теңгеге шығады.

Мейірбек МҰСАБЕК, ДИЗАЙНЕР:

Қарапайым адамдар в основном арзан бағаға іздейді, қолжетімді. Енді ондай адамдардан бөлек көп келеді жанағыдай үлкен комплекс сұрайды, 10 миллион, 15 миллионнан асатын тастар сұрайды.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Қазір құлпытастың да түр түрі бар. Талғамға қарай кез келген ұсынысыңызды жасап береді. Көріп тұрғандарыңыздай, аты-жөнін, руын, тіпті суретін қойып береді. Қалауыңызша өлең шумақтарын да оюға болады. Халықтың көбі бағасы қолжетімді болғаннан кейін гранит тасына сұраныс көп.

Хош, елімізде жерлеу, тас қоюды былай қойғанда, жер табудың өзі азап. Халық арасында мәйітке арналған орындар сатылады деген пікір де жоқ емес. Соны білмекке Астана іргесіндегі зиратқа бардық.

Азамат МЕРДІҚҰЛҰЛЫ, ЗИРАТ ҚАРАУЫЛЫ:

Жерді біз сатпаймыз. Жер тегін беріледі. Жерлеу кезінде бізге келіп регистрациядан өтеді. Заявление толтырады, құжаттарды алып келеді. Бір адам бір орынға заң бойынша 6 квадрат жер беріледі.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

2018 жылы салынған бұл зиратта қазір 6500 адам жерленген. Ай сайын, шамамен, 70-80 мәйіттің көрі дәл осы жерде қазылады. Көріп тұрғанымыздай бұл жердегі тастар әртүрлі. Ал, қабірлер, керісінше, бір-біріне көбірек ұқсайды, стандартқа сай дейді шырақшылар. Және де олардың айтуынша, бұл қабірді одан әрі үлкейткіміз келеді, зәулім үй ретінде салғымыз келеді дейтін азаматтар көп екен. Бірақ оларға оның ешқандай басқалардан айырмашылығы жоқ екенін түсіндіруге тырысамыз - дейді жұмысшылар.

Халық мәйітті жерлеу кәсіпке айналғалы өлу үшін де ақша жинайтын болдық – дейді. Тұрғындар ақшаң болса қалтаңда, құлпытас таңдап талтанданың заманы келді деп ашынып отыр.

БЛИЦ:

- Ақша төлемесе, жер бермейді. Алдымен ақша төлеп, квитанция әкел дейді. Одан кейін барып береді. Дәл қазіргі жағдайда өте қиын. Жүйеге түсірмесе, бұлай кете беретін болса білмедім. Көшеге тастап кете беруі де мүмкін.

- Дұрыс емес қой Алланың алдында, дұрыс емес. Халық өзі қайбір жетісіп жүр, әкем-ау?

Баға қанша өссе де, халық бұл қызмет түріне жүгінуге мәжбүр екендерін мойындайды. Былтыр бұл қызметке төленген қаржы мөлшері 1,8 миллиард теңгеден асқан.

А. Задабек