Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Мемлекет басшысы Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен келіссөз жүргізді

AstanaTV
17.01.2023ж. 20:00
945
Мемлекет басшысы Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен келіссөз жүргізді

Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаевты Біріккен Араб Әмірлігінің «Әл-Уатан» сарайында салтанатты түрде қарсы алды. Мемлекет басшысының құрметіне 21 рет зеңбіректен оқ атылып, Қазақстанның әнұраны орындалды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян бір-біріне ілтипат білдіріп, Құрмет қарауылының бастығы қос мемлекет басшысына рапорт берді. Президенттер екі елдің ресми делегация мүшелерін таныстырғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Әмірліктер – ислам және араб әлеміндегі біздің сенімді әрі басты стратегиялық серіктесіміз. Сіздің еліңіз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Қазақстанға қолдау көрсетіп келеді. Қазақ халқы мұны ешқашан ұмытпайды. Біздің елдеріміздің арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 30 толды. Осы кезеңдегі түрлі саладағы ынтымақтастығымыз нығая түсті.

Келіссөз барысында Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінің арасында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытудың басым бағыттары талқыланды. Атап айтқанда, тараптар жаңартылатын энергетика, азық-түлік қауіпсіздігі мен ауыл шаруашылығы, тау-кен, көлік-логистика және халықаралық қаржы орталықтары арасындағы ынтымақтастық сынды перспективалы салалар бойынша екіжақты ынтымақтастықты нығайту жөнінде уағдаласты.

Шейх Мұхаммед бен Заид ӘЛ НАХАЯН, БІРІККЕН АРАБ ӘМІРЛІКТЕРІНІҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Энергетика, ғарыш, технология, сауда салаларындағы ынтымақтастық әлеуеті жоғары деп санаймыз. Осы сапар барысында жаңартылатын энергия саласында маңызды құжаттарға қол қойылды. Келісілген жобалардың толыққанды жүзеге асатынына зор үміт артамын.

Б. Сатуов