$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Мемлекет басшысы Олимпиада чемпиондарын құттықтады

AstanaTV
11.08.2016ж. 20:00
3497
Мемлекет басшысы Олимпиада чемпиондарын құттықтады

Мемлекет басшысы Рио Олимпиадасында алтын иеленген чемпиондарға құттықтау жеделхаттын жолдады. Қазақстан қоржыны екі алтын, бір күміс медальмен толықты. Бұл жолы да ауыр атлетші Ниджат Рахымов қазақ мектебінің мықтылығын дәлелдеді. Қазақтың тұңғыш зілтемірші қызы Жазира Жаппарқұл күміс иеленді. Ал жүзгіш Дмитрий Баландин жеңісі - тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы олжа. Қазақтың абыройын асқақтатқан Олимпиада жаңалықтары Азамат Алдоңғаровтың материалында.

Рионың бесінші күнінде қазақстандық спортшылар алаш асыға күткен алғашқы алтынды еншіледі. Бұл жолы да ауыр атлеттер олжалы болды. 77 келі салмақта өнер көрсеткен Ниджат Рахымов көк байрақты желбіретіп, әнұран шырқатты. Осылайша Қазақстан ауыр атлетика мектебінің мықтылығын кезекті рет дәлелдеді. Серпе көтеруде үшінші нәтиже көрсеткен Рахымов, жұлқа көтеруде 214 келіні бағындырып, әлемдік рекордты жаңартты. Атыраулықтар жерлестерінің жеңісін тойлады. Президент: «Сенің жеңісің - елдің жас спортшыларына лайықты үлгі», - деп бағалады.

Алексей Крючков, Астаналық олимпиада штабының басшысы:

Бұл жеңістер кездейсоқтық емес, заңдылық дер едім. Үкіметтің спортқа деген бүгінгі көзқарасымен болашақта спорт жанкүйерлерін, Қазақстан халқын жаңа жеңістермен қуантарымызға сенімдімін.

Қазақстанға келесі қуанышты тағы сол зілтеміршілеріміз сыйлады. Риодан шеттетілген даңқты қыздарымыздың орнын қазақ қызы Жазира Жаппарқұл жоқтатқан жоқ. Қытай қызынан небәрі 2 келі кем салмақ жинаған ол күмісті қанжығаға байлады. Қазнетті шулатқан жаңалық елдегі ағайынның «алтынға бергісіз күміс» деген бағасына ие болды.

Жазира Жаппарқұл, Рио-де-Жанейро Олимпиадасының күміс жүлдегері:

Бұл күміс медальді қазақ еліме арнаймын. Төрт жыл бойы еңбектеніп келген еңбегім. Алтын болуы керек еді, енді бізді қазақтың «күміс қызы» дейді, «күміс қыз» болып қалдық. Құдай қаласа, келесі жылы бағымыз жанып, алтын медаль алуға тырысамын.

Ал Дмитрий Баландиннің алған алтыны Рионың басты сенсациясы болды. Бұл тәуелсіз Қазақстанның суға жүзу бойынша тұңғыш жүлдесі. Екі жүз метрді брасс тәсілімен жүзуде 2 минут 7:46 секунд нәтиже көрсеткен Дмитрий мәреге бірінші жетті. Туымыз екі алып елдің байрағынан жоғары желбіреді.

Отандасымызды жеңісімен халықаралық Олимпиада комитетінің президенті Томас Бахтың өзі құттықтауы, жетістіктің ерекше құндылығын айқындайды. Әлемді таңдай қақтыртты. Алайда мамандар Баландиннің жетістігі кездейсоқтық емес дейді. Ал ағасы үй көрмей еңбектенгенінің арқасы деп отыр. Сөзден гөрі іске шебер спортшы қуанышты сәтте де әкесіне хабарласып, қысқа ғана қайырыпты.

Алексей Баландин, Дмитрий Баландиннің ағасы:

Марапаттаудан кейін бір сағат өткен соң, әкеме хабарласты. Бар айтқаны «иә, сәлем». Даусынан жеңісін өзі де әлі толық сезіне алмағаны сезіледі. Әкем құттықтап, оны мақтан тұтатынын айтты. Негізі Дима - өмірде де көп сөйлей қоймайтын адам.

Осылайша бесінші күн қорытындысы бойынша Қазақстан қоржынында жеті олимпиада медалі бар. Екі алтын, екі күміс және үш қола. Бұл нәтижемен Қазақстан 206 мемлекеттің ішінде он бірінші орында тұр.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ