Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Мемлекет меншігіне қайтарылған жер учаскелеріне мониторинг жүргізіледі

AstanaTV
23.01.2023ж. 20:00
1142
Мемлекет меншігіне қайтарылған жер учаскелеріне мониторинг жүргізіледі

Елімізде жайылым жер тапшы. Алайда, космостық мониторинг 40 млн гектар жайылымдық жер бос жатқанын анықтаған. Әккілер қолданыстағы заңды айналып өту үшін өз жерлерін басқа азаматтардың атына жазып үлгеруде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пайдаланылмай жатқан және заңсыз бөлінген ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару жөнінде тапсырма берген еді. Былтыр «AMANAT» партиясы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясы құрылып, оның құрамында депутаттар, қоғам қайраткерлері, Бас прокуратура мен ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері, заңгерлер, белсенділер енген. Қазір елімізде бас-аяғы 5,2 млн гектар жер мемлекет меншігіне өтті. Оның 3 млн-нан астам жері комиссияның араласуымен жүзеге асты. Бұл бастама халық игілігі үшін жүзеге асуда.

Ғалым БАЙТУК, «ЖЕР АМАНАТЫ» КОМИССИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Ең маңыздысы бақылау болу керек. Ол жай бақылау емес қоғамдық бақылау болуы қажет. Өйткені, жердің иелері комиссияға есеп беру үшін жерді уақытша біреудің атына аударуы мүмкін. Сондықтан біз мұндай жайттарды мүлт жіберіп алмауымыз керек. Біз «AMANAT» партиясының қолдауымен қоғамдық бақылауды жүргізіп жатырмыз. Аманаттықтар бар күшін салып, жерлерді қайтаруға жұмсап, бақылауға да ден қойған. Біз бұл комиссиямен көптеген өңірлерді араладық.

Комиссия бастамасымен jerkarta.gharysh.kz геосервисі іске қосылды. Аталған сервис мемлекет меншігіне қайтарылған жер учаскелеріне мониторинг жүргізеді. Оның қайда орналасқанын, ауданы мен меншік иесі немесе жер пайдаланушысы туралы мәліметтер береді. Былтыр жедел желіге 2500-ден астам өтініш түскен. Азаматтарды жайылымдық және шабындық алқаптардың тапшылығы алаңдатқан. Егер сіз де жерге қатысты заң бұзушылық туралы фактіні анықтасаңыз жедел желіге хабарлауға болады. Өтінімдер WhatsApp арқылы да қабылданады.

ЖЕДЕЛ ЖЕЛІ: 8 800 080 44 41

WHATSAPP: +7 700 800 44 41

Р. Бақытжанқызы