Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

«Су тасқыны қаупін азайту іс-шаралары орындалмай отыр», – Үкімет басшысы

AstanaTV
24.01.2023ж. 20:00
1812
«Су тасқыны қаупін азайту іс-шаралары орындалмай отыр», – Үкімет басшысы

Елімізде 255 елдімекенді су басу қаупі бар. Ал онда 700 мыңнан аса адам тұрады. Бүгін үкімет отырысында төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин осылай деді. Министрлік қаупі жоғары аймақтардың тізімін жасаған. Қауіптің алдын алуда қарекетсіз отырғандар бар. Әріптесім Бекболат Сатуов тарқатады.

Солтүстік Қазақстанда 85 ауылды су басу қаупі бар. Төтенше жағдай мамандары сараптама жүргізіп, аталған елдімекендерді бақылауға алды. Биыл жауын-шашын мөлшері нормадан асқан жоқ. Дегенмен, жердің қыртысы 1.5 метрге қатып қалған. Егер көктемде күн күрт жылынса, еріген қар жерге сіңіп үлгермейді, дейді сала мамандары. Ізінше тасқын қаупі күшеюі мүмкін.

Қымбат МЕРҒАЛИМОВА, «ҚАЗГИДРОМЕТ» РМК СҚОФ ДИРЕКТОРЫ:

Қардың құрамындағы судың мөлшері нормадан 15 процентке көп, ал былтырғы жылдан қарағанда 68 процентке артық. Себебі, қараша айында қар аралас жаңбыр жауып, жер бетінде жиналып қалды. Қазір мұз 50 см-ге қатып қалды. Көктемде мұз кептеліп, судың жағадан асуы мүмкін.

Қалған өңірлердегі жағдай да оңып тұрған жоқ. Бүгін үкімет отырысында төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин оны ашық айтты. Тіпті су тасқыны кезеңіне мүлде дайын емеспіз, деді. Сөзінше, қар ерісе 127 мыңға жуық үй су астында қалуы мүмкін.

Юрий ИЛЬИН, ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІ:

Бүгінде су тасқыны жағдайына толық дайындық туралы айту мүмкін емес. Қауіп жоғары өңірлерге Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Абай және Жетісу облыстары жатады. Қауіп орташа өңірлерге Ұлытау және Павлодар облыстары енгізілді.

Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова болса, алдағы ақпан мен наурыз айында күн күрт жылынуы мүмкін деді. Сондықтан жауаптыларды ерте қамдануға үндеді.

Зүлфия СҮЛЕЙМЕНОВА, ҚР ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРІ:

Жоғарыда аталған факторларды ескере отырып, ақпан және наурыз айларында температураның күрт көтерілуі және қатты жаңбыр болған жағдайда су тасқыны пайда болуы мүмкін.

Үкімет басшысы сала мамандарының жыл сайын қайталанатын мәселеден сабақ алмай отырғандығын сынға алды. Әкімдер жауапкершілікті сезіну қажеттігін еске салды.

Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Ең бастысы мұнда халықтың жағдайына алаңдауымыз керек. Ауа-райы болжамына сәйкес, алдымыздағы ақпан айында оңтүстікте ауа температурасы мен жауын-шашын нормадан жоғары болуы мүмкін. Бұл – «айтып келетін апаттың» нағыз өзі. Сондықтан оңтүстік өңір әкімдіктері осы бастан су тасқынына қарсы жұмыстарды күшейтулері керек.

Төтенше жағдайлар министрінің сөзінше, қазірдің өзінде тасқын суға қарсы 35 мың адам жұмылдыру көзделіп отыр. Оның ішінде 11 мың техника, 12 Қазавиақұтқару әуе кемелері мен 700-ден астам жүзу құралдары бар. Мәселе келесі айда тағы қаралады. Қамсыз отырғандарға шара көріледі.

Б. Сатуов