Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Жамбыл облысында 100 мыңға жуық тұрғын жарықсыз қалды

AstanaTV
12.08.2016ж. 20:00
2433
Жамбыл облысында 100 мыңға жуық тұрғын жарықсыз қалды

Жамбылда жарық жоқ! Облыстағы 100 мыңға жуық абонент жарықсыз қалды. Өйткені Тараз қаласы Талас өзені жағасында жоғары кернеулі екі бірдей электр бағанасы құлаған. Тіпті Тараз халқының жартысы ток көзінен тарығып отыр. Құлаған бағаналар газ жүйесіне де зақым келтірген. Жарық қашан беріледі? Данияр Әлімқұл анықтап келді.

Жамбыл облысында жүз мыңға жуық тұрғын жарықсыз отыр. Тұрар Рысқұлов, Меркі және Жамбыл аудандарынан бөлек, Тараз халқының жартысында жарық жоқ. Шаһар шетіндегі Қызылқайнар және Жасөркен ауылдарында да осы жағдай. Айтуларынша, екі күнен бері электр жарығы сөнген.

Әсия Жәбішова, Тараз қаласының тұрғыны:

Мына 2 күн болды қалада жарық жоқ. Жарықсыз күн көру қиын. Тоңазытқыш істеп тұрған жоқ, жарық керек. Біз қартайған шағымызда сыртқа шығуымыз керек. Қараңғыда шыға алмай жатырмыз. Суымыз жоқ. Су да сол жарықпен келеді. Ешқандай мүмкіншік болмай жатыр.

Үйдегі электр қуатымен істейтін техникалар қаңтарылып тұр. Дүкенен азық алып, не асханада тамақ ішуге мәжбүр. 

Еркінғали Әбдірахманов, Тараз қаласының тұрғыны:

Міне, тоңазытқыштың тұрысы осы. Азық-түліктің бәрі еріп кетті. Не теледидар көре алмаймыз, не телефонымызды қуаттай алмаймыз. Байланысқа шыға алмай отырмыз еш жаққа. Бұған енді жауптылар да бар ғой. Қашан жөндейді оны? Қашанға дейін осылай жарықсыз отыра береміз?

Данияр Әлімқұл, тілші:

Талас тасып, арнасынан асқанда, ток тасымалдаушы биік бағаналар шыдас бермеген. Өйткені өзеннің бағытын өзгерту жұмыстары жүргізіліп, салдарынан құрғақ жерлерге су жайылады. Ал, онда бағаналар бар.

Өзен суы көтерілгенде Жамбыл ауданы әкімдігі өзен арнасын басқа бағытқа бұрып үлгереді. Алайда, оны энергетиктерге ескертпесе керек.

Ержан Мәліков,  Жамбыл облыстық электр жүйесінің үлкен кернеулі электр желісінің бөлім басшысы:

100  мың абонент электр жарығынсыз қалды. 1 апта бұрын Талас өзені жағасын су шаймас үшін, жұмыстар жүргізілген. Ол жұмыстар біздің Жамбыл электр жүйесімен келісілмеген. Қырғыздың Киров су қоймасында 450 млн текше метр су жатыр. Олар күндізгі уақытта 70 мың текше метр су жібереді. Ал, түнде тіпті көбейтеді. Соның салдарынан су шайып, бағана құлап отыр. 

Қазір қалада бағдаршамдар да істен шыққан. Барлық жерде ток көзін бөлетін бензин моторлар қойылған. Ал, ауруханалар мен басқа нысандарда электр қоры жеткілікті көрінеді. Ал апат болған жерде 10 бірлік техника жұмыс істеп жатыр. Сондықтан мамандар жарықты ертең береміз деп отыр.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ