ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов тау-кен металлургия компаниялары қызметінің өзекті мәселелері бойынша кеңес өткізді. Бұл туралы Primeminister.kz сайты хабарлады.
Қатысушылар Қазақстан аумағындағы газ саласында Eurasian Resources Group-тың («Еуразиялық топ» ЖШС) жаңа инвестициялық жобаларын іске қосу жоспарларын, сондай-ақ теміржол инфрақұрылымын дамыту жобаларын талқылады.
Сонымен қатар кеңесте ішкі нарықты, әсіресе шалғайдағы елді мекендерді көмірмен қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Премьер-Министр өңірлік операторлардың көмірді бөлу жөніндегі қызметін талдау және басы артық делдалдарды айналып өтіп, әлеуметтік объектілер мен халыққа тікелей өндіру орындарынан отын жеткізудің жаңа тетігін пысықтау қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ қазақстандық және өзбек инвесторларының қатысуымен екі елдің теміржолдары арқылы жүк тасымалдауды жүзеге асыру үшін бірлескен кәсіпорын құру мәселелері талқыланды.
Кеңеске Қаржы, Энергетика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктерінің, «Қазақстан темір жолы», «QazaqGaz» ұлттық компанияларының және ERG компаниясының басшылары қатысты.