Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Елордада жалған алкоголь жасаған 44 цех анықталды

AstanaTV
25.01.2023ж. 20:00
1225
Елордада жалған алкоголь жасаған 44 цех анықталды

Елордада жалған алкоголь жасаған 44 цех анықталды. Олар заңсыз спирт шығарып, сауда сөрелерінде еркін сатқан. Ал араққа құмартқандар арзанға жүгіріп, уланып жатыр дейді дәрігерлер. Құмарлықты қандырам деп, өлім аузынан қалғандармен әріптесім Ақбота Базарбай тілдесті.

Өзін Мақсат деп атауды өтінген бұл азамат спиртті алғаш рет 18 жасында татып көрген. 38-ге келгенше аузымнан арақ үзілмеді дейді. Құмарлықтың күшті болғаны сонша, у ішіп жатқанын ауырып, орталыққа түскенде бір-ақ түсінген.

Мақсат, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Басында 1-2 рөмкеден бастағанмын. Кейін салынып ішетін болдым. Ақша жоқта арзан, су араласқан спиртке дейін іштік қой. Ауырсам да, іздеп тұратынмын. Қатты ауырып, орталыққа түскеннен кейін ес жиғандаймын.

Араққа салынғандарды айықтырып жүрген дәрігер қолдан жасалған алкоголь өлімге де әкеледі дейді. Құмарлықты қандырамын деп, қыршынынан қиылған талай тағдырды көргенін айтады.

Виталий БОРИСЕНКО, ХИМИЯЛЫҚ ТӘУЕЛДІЛІК БОЙЫНША МАМАН:

Қолдан жасалған арақ тұрмақ, жоғары сапалы спирттің өзі мөлшерден көп пайдаланса денсаулыққа кері әсерін береді. Бүйрек, бауыр, ішкі құрылыс езіліп кетеді. Ауырып түскендер, ес жыйғаннан кейін қайта арақты аңсап тұрады. Ашуланып, мінез көрсетіп, тіпті қашуға әрекет ететіндері де бар.

Экономикалық тергеу департаменті жыл басынан бері Астанада 1,5 млн бөтелке арақ пен 99 мың литр жалған спирт тәркіледі.

Асанғазы ҒҰСМАНОВ, АСТАНА ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТЕРГЕУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ АСА МАҢЫЗДЫ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ:

Кез-келген дүкенді алатын болсақ, олар неғұрлым бағасы арзанға түскен алкоголь өнімдерін алады. Барлық акциздік маркалары да, өздерінің аттары да күнделікті сатылып жатқан арақ өнімдеріне сай келеді. Оларға табыс көзі керек болды. Бүгінгі таңда көп заттардың қымбаттауына байланысты азаматтардың да сатып алу мүмкіншілігі азайып бара жатыр.

Көбіне нарықта аты шыққан, танымал алкогольдердің жартысы, көшірме маркамен шығатын көрінеді. Сондықтан оларды бірден аңғарып, сурогат алкоголь екенін тану қиын дейді мамандар. Бұндай заңсыздықпен айналысқандар, орташа ауыр қылмыс жасағандары үшін 5 жылға бас бостандықтарынан айырылады.

А. Базарбай