Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Батысқазақстандық оқушылар мектепке мас боп келеді

AstanaTV
26.01.2023ж. 20:00
1686
Батысқазақстандық оқушылар мектепке мас боп келеді

Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданындағы мектеп оқушылары сабақ кезінде ішімдік ішіп ұсталды. Тіпті кейбір тентектердің шектен шыққаны соншалық, ұстаздарына ауыр сөз айтып, балағаттайды екен. Мектеп басшылығы олардың тәртібін тезге салуға тырысқанымен, бұған ата-аналар қарсы шығып отыр.

7-желтоқсанда тағайындалған мектептің қазіргі директорына дейін жаңа оқу жылы басталғалы екі басшы ауысыпты. Соңғы директор ең алдымен оқушылардың тәртібін түзеуге кіріскен. Өйткені мектепке шашын бұйралап, мұрнын тесіп келетін жоғары сыныптың қыздары сабақ үстінде боянып отырса, ұлдар жағы ұстаздарын балағаттаудан тайынбайды екен. Тіпті кейбірінің сабақ кезінде ішімдік ішкені анықталған.

Мейрамгүл КУБАШЕВА, МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Балалар тыныш отырамыз дейді, телефонмен, наушникпен отырайықшы дейді. Бізге сабақ қызық емес, дейтін балалар бар. Кеше сол бала тағы да боқтап мұғалімнің намысына тиді. Сол баламен жұмыстандық. Бірақ мамасы жұмыста екен. Мектепте тәртіп болмай кетті, солардың әсерінен балалар уже до такой степени мектепке ішімдік алып келетін болған ғой.

Бүгінде оқушыға ішімдік сатқан дүкен иесі мен әке-шешесіне айыппұл салынған. Ал ата-аналар мұнымен келіспейді. Олардың айтуынша, қазіргі мектеп басшылығы ұжымды қорқытып-үркітіп ұстайды. Сондықтан, оларды қызметтен қуу керек дейді.

Мәрзия МЕДЕТОВА, ОҚУШЫНЫҢ ӘЖЕСІ:

Жұрттың көмегімен балаларды киіндіріп отырмын осы мектепке. Бұл киім біреуде бар, біреуде жоқ. Үлкен балам мүгедек, сегіз оқиды. Ол киімге егер жағдайы жоқ болса, қалай киеді, не деп киеді, несін киеді, барын киіп келеді!

Диана КЕНЖАЛИЕВА, ОҚУШЫНЫҢ АНАСЫ:

Мектеп директорының міндетін атқарушы мен оның орынбасарын орнынан алып тастауды талап етеміз. Өйткені мұғалімдер мен оқушылардың жағдайы қиын. Себебі мектеп басшылығы олардың жұмыс істеуіне мүмкіндік бермейді, бітпейтін ұрыс-керіс. Тіпті мектеп басшысы егер біз жиналсақ, бәрімізді сотқа берем деді.

Мектеп басшылығының айтуынша, бұл даудың бәрін әлдебір сыртқы күштер ұйымдастырып отыр. Яғни, оларға әмірін жүргізе алмағандар ата-аналарды айдап салыпты.

Тілекқабыл НҰРЫШОВ, МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОҚУ ІСІ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ:

Құқығым бұзылғалы бері 2015-тен бері мен жалғыз болсам да құқығымды қорғауға тырысып жүрмін. Ал мыналар егер бірнеше педагог болса, оларға оңай ғой. Олар ұйымдасып барып, шығуы керек қой осылай. Біреуі ата-анаға айтып жіберу, ата-ана арқылы өзінің құқығын қорғау – ол педагогқа тән қасиет емес қой деп ойлаймын. Педагог жоғары білімді адам, өзін-өзі қорғауы керек. Ата-аналар арқылы әңгіме айтып қорғатпай.

Биыл мектеп оқушыларының сабақ үлгерімі 3 процентке көтерілген. «Алтын белгіге» үш оқушы үміткер. Талабынан таймаған ата-аналар енді білім басқармасы басшысына арыз жазды. Облыстық білім басқармасының өкілдері мектеп директорын ауыстыру жөнінде конкурс жарияланғанын жеткізді. Яғни, осы сыннан сүрінбеген үміткер жүрегі дауаласа, басынан дау арылмайтын мектепке басшы боп бармақ.

Е. Карин