Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Ақтөбелік зейнеткер өзінің Қазақстан азаматы екенін дәлелдей алмай жүр

AstanaTV
26.01.2023ж. 20:00
1037
Ақтөбелік зейнеткер өзінің Қазақстан азаматы екенін дәлелдей алмай жүр

Ақтөбелік зейнеткер өзінің Қазақстан азаматы екенін дәлелдей алмай жүр. Облыстық көші-қон қызметі 73 жастағы Вячаслав Афанасьевты азаматтықтан және зейнетақысынан айырған. Айтуларынша, қария Ресей азаматы ретінде де тіркеліп, екі елден зейнетақы алып келген. Ал зейнеткер өзінің еш кінәсі жоқ екенін айтады.

Бір жыл бұрын қарияның зейнетақысы тоқтап қалған. Картасына ақша түспеген соң зейнеткер не болғанын білуге жауаптыларға барса, өзінің Ресей елінің азаматы екенін естіпті. Тіпті Ресейден көп жылдар бойы зейнетақы алып келген көрінеді. Ал қария 1992 жылдары құжаттарын түгел ұрлатып алғанын айтады. Мәселе соған байланысты болуы мүмкін дейді.

Вячеслав АФАНАСЬЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Менде барлық құжаттар бар қолымда. Мен Ресей азаматтығын алған емеспін, ол елде тұрақты тұруға өтініш білдірген жоқпын. Мен ол жақта ешқашан тұрған жоқпын. Зейнетақы алған да жоқпын. Менің ұрланған құжатыммен біреулер жасауы мүмкін.

Ұрланған құжаттар сол күйі табылмаған. Ал қария азаматтығынан айырылды. Он жылғы зейнетақысын 9 млн теңге көлемінде қайтаруы керек.

Вячеслав АФАНАСЬЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Мен көші-қон қызметіне өз биометрикалық мәліметтерімді беруге дайынмын. Саусағымның ізі, ДНК. Не керек, соның барлығын беруге дайынмын. Мен үшін Қазақстан азаматы екенімді дәлелдеу маңызды.

Қария былтыр облыстық көші-қон қызметін сотқа беріп, қалалық және облыстық сотта жеңіп шыққан. Бірақ қазір зейнеткер Ресей азаматы болғандықтан біздің елдің азаматтығын қалпына келтіре алмай отыр.

Эльмира БОЛТАЕВА, ОБЛЫСТЫҚ КӨШІ-ҚОН БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Ол ең әуелі азаматтығы жоқ екендігі туралы жеке куәлік алады. Сосын барып өз зейнетақысын қалпына келтіреді. Ресей азаматтығынан бас тартқандығы туралы бізге мәлімет әкелгеннен кейін ғана біз ол кісіге көмектесе аламыз. Өйткені ол біздің облыстың тумасы оған азаматтық алып бере аламыз.

Құжатсыз жүрген қария жазда саяжайға егіп, жинаған өнімімен өлместің күнін көріп отыр. Ал Ресейдегі өзімен аттас адамның кім екенін сол жақтың құқық қорғау орындарына арызданып қана анықтай алатын көрінеді.

Б. Рахметова