$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Жамбылда жаппай сиыр малы қырылып қалды

AstanaTV
15.08.2016ж. 20:00
3597
Жамбылда жаппай сиыр малы қырылып қалды

«Мал ашуы - жан ашуы». Жамбыл облысында  ірі қара мал жаппай қырылып қалды. Сарысу ауданындағы бір ауылда 30-ға жуық сиырға мамыр айында мамандар дәрілеу жұмыстарын жүргізген. Тұрғындар бұл жағдайға ветеринарларды кінәлап отыр. Мал уақытылы әрі дұрыс дәрілемеуден бір күнде жаппай өлді дейді. Данияр Әлімқұл сабақтайды. 

Данияр Әлімқұл, тілші:

Сиырлардың жайылымда жүріп, жаппай қырылуын ауылдықтар дұрыс дәрілемеуден дейді. Мал дәрігерлерінің салғырттығы салдарынан 30-ға жуық сиыр өлген дейді. Негізінен ауыл халқы сиырын сатып, сүтін ішіп, күн көруде.

Тұрғындардың айтуынша, бұл жайылымдағы сиырлардың сепкен дәріден соң сұлап түскен кезі. Сәуір айында сібір жарасы, қырым қанды безгегі мен оқалаққа қарсы дәрілеу жұмыстары жүргізілген. Алайда, бүтін бір көшенің ірі қарасы бұдан қалыс қалады. 26 бас сиырға бір айдан соң дәрі себіледі. Тұрғындар ұнтақ ашық жараға тиіп, ағзаға өтті деп топшылайды. 

Ал бұл 6 бас сиырын жоғалтқан шаруа - Нұрсұлтан Боранбаев. Сиырға сепкен «диазинион» дәрісі мал дертіне дауа емес, кесір болды, - деп күйінеді.

Ауданның бас мал дәрігері Зеңгі баба түлігінің қырылуы себебін айтудан ат тонын ала қашты. Әйтеуір аудан әкімі сұхбат беруге көндірді. Айтуынша, үстіне дәрі шашылған мал өзенмен өтіп, сол суды ішкен. Оған бақташыны кінәлады.

Қазір іс сотқа жеткен. Тұрғындардың талап-тілегін аудандық сот қарап жатыр. Ал, атқамінерлер кінәміз дәлелденсе, өлген малдың өтемін өндіріп береміз деп сендірді. 

Олжас Көкей, Сарысу ауданы әкімінің орынбасары:

Мал дәрігерлері кінәлі болса, өтемақы төлетеміз.

Осы оқиғадан кейін облыстан келген мамандар дәрі-дәрмек пен сиыр етіне сараптама жасаған. Бірақ бәрі ойдағыдай деп отыр. Сиырын жоғалтқан сарысулықтардың әзірге сот шешімін күтуден басқа амалдары жоқ.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ