Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Қостанай қаласының бұрынғы әкімі жазаға кесілді

AstanaTV
11.04.2016ж. 20:00
2017
Қостанай қаласының бұрынғы әкімі жазаға кесілді

Қостанай қаласының бұрынғы әкімі Ахмедбек Ахметжанов 13 жылға бас бостандығынан айрылды. Бүгін облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты экс-әкім мен оның орынбасары және 3 кәсіпкерге қатысты үкім шығарды. Сот отырысына тілшіміз Заңғар Санай да қатысты.

«Әкімдік ісі» деген айдар тағылған атышулы қылмыстық істің қаралғанына жарты жылдан асты. Басты айыпталушысы - Қостанай қаласының бұрынғы әкімі мен оның орынбасары. Тергеу материалына сенсек, экс-әкім құрылыс жұмыстарына жарияланған тендер кезінде таныс кәсіпкерлердің мүддесін қорғап, олардан пара алмақ болған. Ал орынбасары делдалдық қызмет атқарды делінген еді. Сол кезде осы іске қатысы бар үш кәсіпкер де ұсталған болатын.

Бүгін экс-әкім Қылмыстық кодекстің 5 бірдей бабы бойынша кінәлі деп танылды. Қыркүйектен бері үйқамақта отырған экс-әкімнің қолына сот залында кісен салынды. Енді ол қатаң тәртіптегі түзету мекемесінде жазасын өтейтін болды. Оған қоса, дүние-мүлкі тәркіленіп, ешқашан мемлекеттік қызметке орналаса алмайтын болады. 

Ерлік Сералин, Қостанай облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы:

Сот қалалық құрылыс бөлімінің талап-арызын ғана қанағаттандырды. Ол 67 миллион 465 мың теңге. Ал қалған 2 азаматтық арызды, яғни  «Ұлан» ЖШС мен «АИФ» ЖШС қатысты жеке тәртіпте қарауға бөлек шешім шығарды. Ол енді азаматтық сотта қаралатын болады.

Бұрынғы қала әкімінің орынбасары Мақсұт Қалиев 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот оны да мемлекеттік қызметке орналасу құқығынан айырды. Ал "жазасын жалпы тәртіптегі түзету мекемесінде өтесін" деген үкім шығарды. Экс-шенділермен сыйбайлас болған кәсіпкерлер де қатаң жазаға кесілді. Леонид Васильев 14 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол алаяқтық жолмен мемлекеттік жауапты қызметкерлерге пара беруге көндірді, топ құрып, мемлекеттік сатып алу жөніндегі байқау кезінде бөтеннің мүлкін алаяқтық жолмен әлденеше рет иемденді, пара беруші мен пара алушының арасында делдалдық атқарды деп айыпталған.

Ерлік Сералин, Қостанай облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы:

Ең белсенді рөлді Васильев ойнады деуге болады. Ол лауазымды тұлғаларға пара бергенімен қоса, оңай олжаға кенелудің жолдарын іздеген және қомақты қаражатты жымқырып отырған.

Ал «Стройметсервис-2007» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Сергей Биктибаев Қылмыстық кодекстің жеті бабы бойынша кінәлі деп танылып, 11 жылға сотталды. «Сыл» ЖШС басшысы Гагик Овнанянды сот 10 жыл жаза кесті. Ол мемлекеттік лауазымды қызметкерге делдал арқылы әлденеше рет ірі көлемде пара берген, салық төлеуден және бухгалтерлік есеп жүргізуден жалтарды деп айыпталған болатын.

Заңғар Санай, тілші:

Сондай-ақ сот үш банкке қатысты жеке қаулы шығарды. Енді олардың қаншалықты заң аясында қызмет көрсеткені тексерілмек. Себебі айыпталушылардың тыйым салынған есеп-шоттарынан 120 мың доллар мен 4 миллион теңгеге жуық қаражат шешілген. Бірақ сот отырысында оны кім шешіп алғаны айтылмады. 

Заңғар САНАЙ