Шілде айында Қазақстандағы
автомобиль саудасы өткен аймен салыстырғанда 12 пайызға азайған. Негізінен
саудасы жүрмей тұрған Дэу, Лексус, Пежо, Инфинити, Шкода және Уаз сынды темір
тұлпарлар. Сұранысы ең жоғары деген Лада маркілі көліктің өзі 23 пайызға түсіп
кетсе, Тойотаның саудасы 25 пайызға кеміген. Мұндай мәліметті Капитал іскер ақпараттар
орталығына еліміздің автобизнес қауымдастығы ұсынып отыр. Ел ішіндегі
автомобиль өндірісінің қарқыны да бәсеңдегені байқалады.
Егер 2014 жылы Қазақстанда 37
мыңнан астам автокөлік шығарылған болса, 2015 жылы ол небәрі 12 жарым мыңға тұрақтаған. Ал үстіміздегі
жылы бұл мөлшер бар болғаны соның 60 пайызын қамтып отыр. Осы тұста қауымдастық
өкілдері екінші жартыжылдықтағы жағдай мұнай нарығына байланысты болады деп
санайды. Сарапшылардың болжамынша, су жаңа темір тұлпарлардың саудасы 3 жылда
қызуы мүмкін. Бір қызығы, мамандар люкс санатты көліктерге сұраныс артады
деп болжайды.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ