$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Құлағының мүкісі бар балаларға арналған ерекше әдістеме әзірледі

AstanaTV
01.02.2023ж. 12:25
1407
Құлағының мүкісі бар балаларға арналған ерекше әдістеме әзірледі


Жоғары білікті логопед-дефектолог Рауан Байчинов елімізде теңдесі жоқ ерекше әдістеме әзірледі.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ақпаратынша, жас ғалым авторлық құқықпен қорғалатын объектілерге құқықтар тізіліміне мәліметтер енгізу туралы куәлік алды.  

«Кохлеарлы импланты бар мектеп жасына дейінгі қазақ тілді балалардағы дауыстың интонациялық құрылымдарын зерттеу» атты ғылыми жоба 2018 жылы басталған. Бүгінгі таңда 86 балаға зерттеу жүргізілді. Оның жетеуі дыбыстар мен сөйлеуді қабылдау, дыбысқа еліктеу, сөз тіркестері және қарапайым сөйлемдер атты төрт кезеңнен тұратын қайта оңалтудан өтуде. Жоба авторының айтуынша, әдістеме үш жастан жеті жасқа дейінгі балаларға арналған.

Рауан Байчинов осы әдіспен екі жылдан бері оқытылып жүрген балалардың бірі бүгінде сөйлем құрап, сөйлеп жүргенін айтады. Тағы біреуі кохлеарлы имплант қойғалы дыбыстар мен дауысқа елеңдемейтін болған. Бірақ екі ай бойы арнайы әдістемемен үйретілген бала дыбыстарды жақсы қабылдап, жақсы ести бастаған. Дегенмен, ол әлі қайта оңалтудың үш кезеңінен өту тиіс.

Қазіргі күні бұл әдістемені ШҚО Білім басқармасының «Облыстық психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беру» КММ, «Әлеуметтік қызметкерлер мен еріктілер қауымдастығы» қоғамдық ұйымы және университет базасында ашылған «Dana bala» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығы қызметкерлері қолдануда.