Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Тәуелсіздіктің 25 жылдығы: «Күш-білімде», «Ырысты мекен»

AstanaTV
29.10.2016ж. 20:00
2274
Тәуелсіздіктің 25 жылдығы: «Күш-білімде», «Ырысты мекен»

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына байланысты бірінші ойлайтыным, мен адам қатарына қосылғанша, дербес мемлекет болғанымыз қандай жақсы. Әйтпесе империя құрамындағы республикада өмір сүре алмайтыным анық – «екінші кезекке», мансұқ ету мен алалауға шыдамас едім. Әрине, күрделі мәселе көп. Күрсіндіретін мәселе де көп. Алайда тәуелсіздік тұла бойыңды шымырлататын, идіріп әкеліп, бір тылсым рахатқа бөлейтін, сосын «біздің елді бәрі жақсы болса екен» деп, жұмысыңды беріліп істететін ұғым.

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «Астана» арнасы арнайы фильмдер ұсынып бастады. Мысалы, «Күш білімде», «Ырысты мекен».

Қазақтың 25 жылдық тарихын қамтуға тырысқан 7 туынды. Білім беру, денсаулық сақтау, дәстүріміз бен бірлігіміз,  ұлтаралық татулық сияқты тақырыптарды қамтыған 7 фильм. Бұл Астана телеарнасының 25 жылдыққа жасаған тартуы. 7 деректі фильмнің бірі - Назарбаев зияткерлік мектептері.

 «Күш - білімде» деп аталатын деректі фильм Астана арнасының эфиріне ертең, яғни 30-шы қазанда сағат 13.00-де шығады. 2008 жылдан бастап Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асқан «зияткерлік мектептер» жобасы жайлы жан-жақты баяндалады. 

Фильмнен үзінді:

Қазір, еліміздің барлық облыс орталықтары мен Алматы, Астана қалаларында 20 Зияткерлік мектеп қызмет етуде. Олар физика-математика және химия-биология бағыттарына жіктелген. Оқушылар саны – 15 мыңға жуық.

Деректі фильмде Шымкенттегі, Атыраудағы және Алматыдағы химия-биология бағытындағы мектептер жайлы айтылады. Зияткерлік білім ордаларында оқу теориялармен қатып қалмаған.

Бақыт  Әлібаева,  Алматы қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры:

Әр мұғалім үш тілде терминологияны түсіндіріп отырады. Мұғалімдердің алдына қойылатын талап өте күшті.

Мұнда кәсіпкерліктің қыр-сыры да үйретіледі. Сабақтардың көбі ағылшын тілінде.

Фильмнен үзінді:  Шымкенттегі политикалық сабақ. Ағылшынша.

Дарынды оқушыларының жетістіктері жақсы көрсетілген туындыда. Балалардың қазақша уикипедияны дамытуға қосқан үлестері орасан. 3 жылда, 256 мыңға жуық мақала салыныпты.

Палуан Римов, Шымкент қаласы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы:

Қарапайым біздің мектептегі үрдіс. Яғни кез келген уақытта уикипедияда мақала жаза алады.

7 фильмнің ішінде ауыл шаруашылығының даму жолы «Ырысты мекен» фильмі арқылы көрсетіледі. Қазақ атам заманнан несібесін жерден емген. Елдің агро-өндірістік кешені күретамыр салалардың бірі саналуы содан.  Ұлы дала елінің 100 млн.га-дан астам жерін ауыл шаруашылығының жайылымдары алып жатыр.

Фильмнен үзінді: 1990 жыл. Қазақстан. Жалпы ішкі өнімдегі ауыл шаруашылығының үлесі – 34 пайыз.

Фильмде ауыл шаруашылығының аяққа тұру жолы тоқсаныншы жылдардан бастап қамтылады. Тәй-тәйлап келе жатқан саланың алғашқы қадамдары. Кеңес заманынан қалған тозығы жеткен техника, тыңайтқыштардың жетіспеуі, жалақының уақытылы төленбеуі тағысын тағы... кете береді. Ауылға жан бітірген мемлекеттік бағдарламалар да сөз болады. «2002-2005 «Ауыл жылдары»,  «2004-2010 «Ауылдық аумақтарды дамыту» сонымен қатар, «Дипломмен – ауылға» бағдарламаларының жетістіктері тізіледі.

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 1990 жылы 50,8 млн теңгені құраған. Бұл көрсеткіш 2015 жылы 2748,7 млрд теңгеге жетті.

Қожалығын ел игілігіне жұмыс істетіп отырған отандық өндіруші «Родина» шаруа қожалығының толағай табыстары.

Иван  Сауэр,  «Родина» агрофирмасы» ЖШС бас директоры:

Мына ойнап жүрген, сықылықтап күліп жүрген балаларды көргеннен артық қандай бақыт бар!

Фильмде  өзге де бірқатар алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың тұрмысы паш етіледі. «Ырысты мекен» жобасын 5-ші қараша күні сағат 14.00-де тамашалай аласыздар. «Астананың» айтары бар.