Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Қырғыздар Конституциясын жоғалтқан. Хиллари Клинтон 10 күннен соң АҚШ-ң тұңғыш әйел президенті?

AstanaTV
29.10.2016ж. 20:00
2003
Қырғыздар Конституциясын жоғалтқан. Хиллари Клинтон 10 күннен соң АҚШ-ң тұңғыш әйел президенті?

«Дөп сөздің» кейіпкері айтпақшы, Қырғыз республикасында Конституцияның түпнұсқасы жоғалып кеткені рас. Дәлірегі қайда екенін ешкім білмейді. Қырғыздар алты жыл бұрын жаңа конституция қабылдаған-ды. 

Жогоргу Кенештегі Конституцияның түпнұсқасын сұраған депутаттар

Кейін Президент аппаратының жетекшісі Фарид Ниязов 2010 жылдан бері Қырғыз Республикасы Конституцияның үкімет басылымында жарияланған нұсқасымен өмір сүріп келе жатқанын хабарлаған. Ал Жогоргу Кенеш баспасөз қызметінің жетекшісі Ибрагим Нуракон-улу біздің арнамызға берген сұхбатында былай деді:

Ибрагим Нуракон-улу, Жогоргу Кенеш баспасөз қызметінің жетекшісі:

Конституцияның түпнұсқасы жоқ деуге болмайды. Иә, Президенттің Жогоргу Кенештегі өкілі түпнұсқа жоқ деді, бірақ Конституцияның үкіметтік басылым «Эркин-Тоо»- да жарияланған нұсқасы түпнұсқа болып есептелетіні анықталды. Бізде кез-келген заң үкімет газетінде жарияланғасын барып күшіне енеді. Әзірге «Эркин-Тоо» түпнұсқа болып есептеледі.

Енді оны табуға онша ынтықпайтын да шығар, өйткені алдағы желтоқсан айында қырғыздар Конституциясына өзгерістер енгізуді көздейтін референдум өткізеді. 

Ал алдағы 8-қарашада президент сайлауына түсетін Хиллари Клинтон осы аптада 69-ға келді. Хиллари Дайан Родэм 1947 жылы Чикагода дүниеге келген. Әйгілі Йельс университетінде құқықтану мамандығы бойынша білім алған. Ері Билл Клинтонмен сол жерде танысқан. Оның саяси амбициялары туралы Билл Клинтонның президенттігі кезінде айтылатын. Ал Моника Левински «оқиғасы» Хиллариді тіпті «шыңдаған». Сол, 1998 жылы отбасы үшін өте ауыр жағдайда оның өзін ұстауына АҚШ ғана емес, бүкіл әлем дерлік қол соқты. Биллдің президенттік мерзімі аяқталғасын, Хиллари Нью-Йорк штатынан сенатор болды. 2008 жылы Барак Обамамен Демократиялық партияның президенттіктен үміткерді анықтайтын праймеризіне қатысты. Кейін Обаманың кабинетінде өте маңызды қызмет - мемлекеттік хатшы қызметін атқарды. «Қаршыға» деп сипатталатындардың бірі - қатаң дипломат екенін дәлелдеді. Алдағы сайлауда өзімен таласатын  екінші кандидат Дональд Трамппен өткен 3 телесайыстан кейін жүргізілген сауалнамалар Хилларидің басым екенін көрсеткен. Билл екеуінің жалғыз қызы бар, осы жазда ата-әже атанды. 10 күннен кейінгі сайлауда Хиллари Клинтон АҚШ-ң тұңғыш әйел-президенті бола ма? 100 пайыз сенімді емеспін, бірақ солай болатын сияқты...