$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қазақстан мұнай өндірісін азайту мәселесін талқылап жатыр, дегенмен асықпайды.

AstanaTV
01.11.2016ж. 20:00
3380
Қазақстан мұнай өндірісін азайту мәселесін талқылап жатыр, дегенмен асықпайды.

Энергетика министрлігі ОПЕК-тің мұнай өндірісін азайту бойынша идеясын қолдайды. Талқылап жатқан да көрінеді. Үкімет отырысынан соң "Астана" телеарнасының сұрағына жауап берген Энергетика министрі Қанат Бозымбаев осылай деді. Сонымен Қазақстан мұнай өндірісін қаншаға қысқартады? Ал қымбаттап жатқан бензин бағасы қашан тұрақталады? Тілшіміз Айгүл Әдепбай сұрақтарға жауап іздеп көрді.

Энергетика министрлігі әліптің артын бағып отыр. ОПЕК-тің мұнай өндірісінің көлемін азайту бойынша келісімін жақсы идея деді. Бірақ футбол тілімен сөйлеген Қанат Бозымбаевтың айтуынша, доп қазір Сауд Арабиясы, Ресей және Иран сынды мұнай алпауыттарында. Дегенмен Қазақстан өндірісті төмендету мәселесін қарап жатса керек.

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

Олар айтсын, қаншаға қысқартады олар. Оларға қандай әсер өздері тигізеді? Содан кейін біз көреміз. Тоқетерін айтқанда, оффшорда, теңізде шектеу деген ештеңе айта алмаймыз. Оншорда оны талқылауға болады. Жалпы идея жақсы. Сондықтан біз бұл идеяны қолдаймыз, бірақ қанша қысқартамыз деп қазір айтпаймыз нақты, өздері айтсын, Ресей айтсын, Сауд Арабиясы айтсын, Иран айтсын. Біз біліп отырмыз, Сауд Арабиясы даяр қазір қысқартуға, бірақ өз үлесін айтсын олар.

Қанат Бозымбаевтың айтуынша, қазір дүние жүзінде тәулігіне 34 млн баррельден астам мұнай өндіріліп жатыр. Ал Қазақстанның күнделікті үлесі -  1,5 млн баррель ғана. Мұнайды шөміштеп алып жатқан Сауд Арабиясы, Ресей сияқты мемлекеттер күн сайын 10 млн баррельден астам шикізат шығарады. Ал оның жанында "қара алтынды" қасықтап қана алып отырған Қазақстанның позициясын осылай түсіндірді министр. Ал енді ғана жеттік пе, жетпедік пе деп отырған Қашағанның өндірісін қысқарта алмаймыз. Өйткені міндеттемелер бар, - деді шенеунік. Қазір ол кен орнында күнделікті 85 мыңнан 120 мың баррельге дейін мұнай шығып жатқан көрінеді. Бензин бағасын түсіндірген Қанат Бозымбаев, он күн үшінде өсімді тоқтатамыз, деп сендірді.

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

92 бензин кішкене қымбаттады, біз білеміз. Қазірдің өзінде импорттан көбірек келіп жатыр. Импортта Ресейде бензин бізге қарағанда қымбаттау, сонымен екі үлес Қазақстанның бензині және Ресейдің бензинімен қазір үлестер өзгеріп жатыр нарықта. Егер көбірек өңдесек, 10 күннен кейін бензинді ол бағалар орнына келе ме немесе өсімді тоқтатамыз.

Бензиннің қымбатауына жөндеуде тұрған Шымкент мұнай өңдеу зауыты мен Павлодардағы кәсіпорында техникалық проблема туындауы себеп болған. Шымкент зауыты осы айдың 12-сінде іске қосылмақ. Энергетика минстрі мұнай қоры туралы да ақпаратпен бөлісті.

Яғни бүгінде Қазақстанның мемлекеттік балансында 4 млрд  847 млн  540 мың тонна мұнай бар. Қара алтын бойынша қор А,В, С1 категориялары 3 млрд 158 млн тонна. Ал С2 бойынша - 1,5 млрд тонна.

Ал қара алтын біраз әл жинағаннан кейін тағы әлсірей бастады. Бүгін әлемдік БАҚ ОПЕК-тің екіұшты шешімінен соң мұнай бағасы тағы 3 пайызға арзандап кеткенін жазды.

Айгүл ӘДЕПБАЙ