Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Қарағанды облыстық экономикалық сот АМТ-ға шахта суларын мемлекет иелігіндегі тоғанға заңсыз ағызбауды міндеттеді

AstanaTV
02.11.2016ж. 20:00
2795
Қарағанды облыстық экономикалық сот АМТ-ға шахта суларын мемлекет иелігіндегі тоғанға заңсыз ағызбауды міндеттеді

«Арселор Миттал Теміртау» компаниясы мемлекет иелігіндегі тоғанға шахтадан шығатын шайынды суларын ағызып, қоршаған ортаға қауіп төндіріп келген. Бұл әрекетін бұдан былай тоқтатуы тиіс. Облыстық мамандандырылған экономикалық соты осындай қаулы шығарды. Алайда, алпауыт компания өкілдері сотқа қайта шағымданатындарын жеткізді.

Индира Құспаева, Қарағанды облыстық экономикалық сотының судьясы:

«Арселор Миттал Теміртаудың» шахтадан шыққан суын тоғанға жіберуі заңсыз. Сондықтан, сот компанияға Октябрь ауданында орналасқан бұрынғы Майқұдық шахтасының маңындағы тоғанға су жібермеуді міндеттеп қаулы шығарды.

Алпауыт Митталдың іс-әрекетін әшкерелеу мемлекеттік мекемелерге оңайға соқпаған. Облыстық экономикалық сотта іс екі ай бойы қаралды. Әр процесс шахта сулары жиналған тоған басында өтті. Тау-кен инженерлері мен төтенше жағдай қызметкерлері, сарапшылар мен судья суқойманы тексеріп жағдайға көз жеткізді. Тараптардың пікірлерін Айжан Қуаш тыңдап қайтты.

Когда гибель людей происходит, только тогда начинаем. А сейчас какие меры приняты? -Когда мы согласовали сброс очищенной воды, вопрос не стоял о дальнейшем...

Бұл прокурор мен «Арселор Миттал Теміртау» компаниясы өкілінің тоған басындағы дауы. Мамандар шахта суларының қаншалықты қауіпті екенін айтып бақты. Расында да Костенко шахтасы Қарағанды қаласының шетінде ғана тұр. Ал, тоған шахтадан небәрі 2 шақырымда. Маңында ескі қалада қалып қойған елді мекенде тұрғын үйлер әлі де бар. Оның үстіне темір жол, көлік жолдарына да жақын. Сондықтан, шағымданушы тарап көктемде бұл маңайды топан су басуы әбден мүмкін дейді.

Нұрлан Шәкенов, Қарағанды қалалық төтенше жағдай басқармасының бөлім бастығы:

Біз, міне, бөгетте тұрмыз. 365 күн бойы шахта сулары осы тоғанға құйылады. Қазір, жарайды, деңгейі қалыпты. Ал көктемде бұл тасиды, ол кезде сел жүрмейтініне ешкім кепіл бола алмайды.

Заңды құжаттар бойынша Арселор Миттал Теміртау Костенко шахтасының суларын маңайындағы белгіленген арықтарға ағызуы тиіс. Алайда, компания өзі су тұндыратын шұңқырмен бірге, оның жанындағы суқойманы да пайдаланып келсе керек.

Жандос Ысқақ, Қарағанды қалалық әкімдігінің заң бөлімінің бас маманы:

Арселор Миттал Теміртау ол тоғанды пайдалануға еш рұқсат алмаған. Суқойма әкімдікке қарасты. Алайда гидротехникалық нысанды қаржыландыруға бізде қаржы жоқ, бөлінбейді. Оны кім пайдаланса, сол мекеме қарауы тиіс.

Алайда, Арселор Миттал Теміртау аталған тоғанды пайдалана тұра қараудан, тіпті меншігіне алудан да бас тартып отыр.

Нұрлан Өтешов, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ заңгер кеңесшісі:

Біз аталған тоғанға қарауға міндетті емеспіз. Біздің шахтаның сулары өзіміздің арықтар арқылы ағады.

Қарағанды облыстық экономикалық сотының қаулысы заңды күшіне енген жоқ. «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының өкілдері қайта шағымданбақшы.

Айжан ҚУАШ