$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қызылжарда заңсыз такси жүргізушілерімен «Нұр Отан» партиясы күреспек

AstanaTV
07.11.2016ж. 20:00
2645
Қызылжарда заңсыз такси жүргізушілерімен «Нұр Отан» партиясы күреспек

Қызылжарда заңсыз такси жүргізушілерімен «Нұр Отан» партиясы да күреспек. Олар жуырда құрылған «Жолаушылар тасымалдау одағын» қолдап отыр. Партия мүшелері такси паркі өкілдерімен кездесіп, олардың бастамасына үңілді. Бүгінде қалада 6 такси паркі мен ресми түрде жұмыс істейтін 800 жүргізуші тіркелген. Алайда, жолаушылар тасымалымен айналысатын адамдар саны бұдан әлдеқайда көп көрінеді. Нұротандықтардың пікірінше, жолаушылар тасымалы саласының жұмысын бір ретке келтіру керек. Себебі такси жүргізушілеріне әй дейтін әже, қой дейтін қожа болмағандықтан, олар ортақ талаптарға селқос қарауда. Қалааралық қатынастың да оңып тұрғаны шамалы, дейді олар.

Кеңес Мұқышев, «Нұр Отан» партиясы Петропавл қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

Біз жолаушылар тасымалдау одағымен бір бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Ортақ мақсатымыз - қала тұрғындарын қауіпсіз қозғалыспен қамту. Жолаушылардың такси жүргізушілеріне деген сенімін арттыру керек.

Диспетчерлік компания өкілдерінің айтуынша, заңсыз такси жүргізушілерімен күрес жүйелі түрде қолға алынғасын, жағдай дұрыстала бастады. Жүргізушілер ережелерге мән беріп, техникалық тексерістен өту, көлік пен жолаушыларды сақтандыру, салықты уақытылы төлеу сынды талаптарды орындауға кіріскен. Ал көлік тізгінін жүргізу куәлігінсіз басқарған адамдардың қатары сейіліп барады.

Наиль Абримов, «Жолаушыларды тасымалдау одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

Тексерістен өткен 12 көліктің тек екеуінде ғана құжат жоқ. Бірақ түнде жүргізілетін рейдтің көрсеткіштері көңіл көншітпейді. Ережеге бағынғысы келмейтін жүргізушілер түнде шығуға тырысады. Жалпы, 3 айдың ішінде біздің одаққа 90 адам мүше болды.