Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Әуе кеңістігіне қатысты заң талқыланды

AstanaTV
08.11.2016ж. 20:00
2863
Әуе кеңістігіне қатысты заң талқыланды

Қазақстанның ұшақтары Еуропаға ұшуға мүмкіндік алады. Еуроодақтың талаптарына сай келмегендіктен, бірқатар әуе компаниялары ұшақтарының кәрі құрлық көгінде ұшуына тиым салынғаны белгілі. Олар алдағы қараша айында қара тізімнен шығуы мүмкін. «Эйр Астанада» билет бағаларының неге соншалықты шарықтап кетуінің себептері де анықталады. Бүгін «әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі мәселелері» бойынша жұмыс тобы бірқатар мәселелерді қарады.

Заң жобасын талқылау барысында депутаттар ұшқыштарды тексеретін дәрігерлерді қатаң бақылауға алу керектігін айтты. Тіпті оларға 100 айлық есепті көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу қажет дегендер де болды. Себебі 2014-16 жылдары ұшқыштардың денсаулығына қатысты ақпарды жасырып қалған дәрігерлерге қатысты 130 дерек тіркелген.

Бұдан былай тіпті ұшқышсыз ұшатын аппараттар да бақылауға алынбақ. Олар арнайы тіркеуден өтіп, тиісті органдардың рұқсатымен ғана ұшуға құқылы болады. Сондай-ақ, Қазақстанның әуе компаниялары өз заңнамаларымыздан бөлек халықаралық азаматтық авиация заңына да бағынуы керек. Сонда ғана түрлі шектеулерден құтыла аламыз, - дейді азаматтық авиация комитеті төрағасы Бекен Сейдахметов.

Бекен Сейдахметов, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі азаматтық авиация комитетінің төрағасы:

Біздегі әуе компаниялары толықтай халықаралық заңнаманы қолдана алады. Халықаралық азаматтық авиация ұйымы биыл тексеріп келді. Біз 74 пайыз олардың талаптарына сай келдік. Бұл жоғары көрсеткіш. Қараша айында вице-министрмен бірге комиссияға қайта барып, Қазақстанды қара тізімнен шығару туралы әңгімелесетін боламыз. Егер саяси жағдайлар болмаса, бұл мәселе шешіледі деп ойлаймын.

Депутаттар «Эйр Астананың» тарифтерді көтеруіне байланысты да сөз қозғады. Компанияның ТМД елдері бойынша сату жөніндегі директоры Серік Ырысұлының айтуынша, 2016 жылдың 8 айында тарифтер 22 пайызға өскен. Себебі шығындардың көбі сырттан әкелінеді және шетел валютасымен жүзеге асады.

Серік Ырысұлы, «Эйр Астана» АҚ ТМД бойынша сату жөніндегі директоры:

Елімізде тек Қостанай қаласындағы әуе билеттері құнына монополист болып табыламыз. Себебі бұл бағытқа сұраныс жоқ. Ал қалған бағыттарда бірнеше бәсекелесіміз бар. 2016 жылдың қаңтарынан тамыз айына дейін ел аумағында тарифтерді 22%-ға көтердік. Тамызда девальвация орын алып, оның көрсеткіші  100%-ға дейін жеткен кезі де болды. 

Ал «Эйр Астана» мен монополияға қарсы ведомствоның дауы әлі де жалғасуда. Табиғи монополияларды реттеу бәсекелестікті қорғау комитеті төрағасының айтуынша, тараптар арасында келісім бар. Тарифтерді өсірді деп айыпталған әуе компаниясы аталған органға бес күн ішінде толық құжаттарды ұсыну керек.

Серік Жұманғарин, ҚР ҰЭМ табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің төрағасы:

Бірінші әкімшілік іс бойынша жеңіп шыққанымыз туралы айтқанбыз. Қалғаны қазір Алматыдағы сотта қаралып жатыр. Тергеу жүріп жатқанда, ештеңе айта алмаймын. Біз бүгін әуе компаниясының жүргізіліп отырған саясатында бар құжаттарды алуға ұсыныс бердік. «Эйр Астана» бұл құжаттарды бес күннің ішінде беруі керек. Содан кейін біз бағаларды салыстырып, санап, шешім қабылдайтын боламыз. 

Жиын соңында журналистер «airport menegment group»  өкілінен әуежайлардағы бағаның қымбаттығына байланысты сұраған. Алайда бас директордың орынбасары Асқар Мұратбаев әуежайларда баға қымбат болуы керектігін, бұл халықаралық стандарт екенін айтты.

Саламат ОМАШ