Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Депутаттар Жамбыл облысының шалғайдағы шаруаларымен кездесті

AstanaTV
19.08.2016ж. 20:00
2629
Депутаттар Жамбыл облысының шалғайдағы шаруаларымен кездесті

Жамбыл облысында алма бағын өсірушілердің субсидияға қол жеткізуі қиын. Ал кәсіпті кеңейтуге жер телімі жетіспейді. Жамбыл облысына барған мәжіліс депутатына аймақтағы шаруалар осындай проблема барын айтты. Мәжілісмен Жанат Омарбеков Меркі ауданында болып, шаруалардың тыныс-тіршілігімен танысқан болатын. "Балабек" қожалығының басшысы алма алқаптары жылдан-жылға ұлғайған сайын, оған кететін шығындары да шаш етектен дейді. Осы ретте мемлекеттік қолдау болғанын қалайды. Ал көбіне-көп субсидия дәнді-дақыл мен көкөніс өсіретін кәсіпкерлерге берілетін көрінеді. Сондықтан жергілікті кәсіп иелері жеміс-жидек өсірушілерге арналған субсидия беру талаптарын өзгерту керек деп отыр. Ал депутатқа осы тілектерін мәжіліс мінберінде көтеруді ұсынды.

Жанат Омарбекова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Субсидияға байланысты жыл сайын ережелер өзгеретінін айтып отыр. Сол ережелерді қарастырып, заңға өзгерістер енгізуге ұсыныстарын беріп жатыр, енді ары қарай қарастырамыз. Мына жерде міне, үлкен бақ тұрса, мына жағында жер бәленбай жылға алынған. Біреудің жастығының астында госактісі жатыр. Бірақ ешқандай игеру болып жатқан жоқ. Бақ саламыз деп алған, бос жатыр. Ал енді мына саламыз деген адамдарға осы жер қолдарына тимей отыр. Осы мәселені енді көтереміз.

«Балабек» қожалығы бір түп алма ағашынан 150 келіге дейін өнім алады. Былтыр алқаптан 300 тонна күзгі алма жинаса, биыл 600 тонна өнім болады деп отыр. Бақ өсіруді 13 жыл бұрын бастаған. Енді алқабын кеңейткісі келеді.

Қазым Рүстемов, «Балабек» ШҚ жетекшісі:

Мынау менің 49 жылға жалған алған 3 гектар жерім. Бірақ бұл жер жетпей жатыр. Міне, қасымыздағы жерлер бос жатыр. Ал менің қазіргі алма бағыма 13 жыл болды. Тозып жатыр, жерді демалдыру керек. Сол үшін маған енді жаңа жерде өнім өсіру керек. Бос жатқан жерлердің  қожайындары бар. Оларға «Жұмыс істе, жеміс отырғыз» деу керек. Немесе бізге берсін.