$494.95 €525.49 ₽5.05
×

Шымкентте құтыруға қарсы салынған екпе ит қапқан адамға әсер етпеді

AstanaTV
11.04.2016ж. 20:00
1898
Шымкентте құтыруға қарсы салынған екпе ит қапқан адамға әсер етпеді

Шымкентте ит қапқан адамға арнайы екпеден қайыр болмады. Қала іргесіндегі Жаңаталап ауылының 27 жастағы тұрғыны дәрігерге дер кезінде қаралғанымен, бақилық болды. Ұлын ақтық сапарға шығарып салған әкесінің айтуынша, баласының саусағын 27 ақпан күні көшеде жүрген ит тістеп алған. Сол заматта ауылдық емханаға барғанымен, күн сенбі болғандықтан, дәрігерлердің жоқтығын айтқан медбике, үйіне барып жедел жәрдем қызметін шақыртуға кеңес беріп қайтарған көрінеді. Сол күні ауруханаға барып тиісті екпе салдыртқан. Алайда 2 сәуір күні ыстығы көтеріліп, ауруханаға қайта жеткізіліпті. Бір отбасының асыраушысынан айырған қайғылы жағдайға әкесі ветеринарлар мен дәрігерлердің салғырттығын кінәлап отыр.

Мұхан Әшірбаев:

Қолын көтеріп тұрып маған айтты халықтың алдында, «укол салынған бала ауырмайды. Мен 100 пайыз гарантия берем деді.

Өкінішке орай, бұл жыл басынан бері өңірде тіркелген төртінші жағдай. Денсаулық сақтау саласына жауаптылар құтыруға қарсы ем қабылдай тұра, кісі өлімі орын алуын, өзіміз де түсіне алар емеспіз деп отыр. Қазір марқұммен тығыз қатынаста болған бес адам дәрігерлердің бақылауына алыныпты. Аталған жайтқа байланысты арнайы комиссия құрылды.

Сейтжамал Пакеев, ОҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

Комиссия зерттейді. Қандай вакцинамен істеді, қалай істелінді ол? Комиссия толық зерттеп болғаннан кейін, оның бәрі белгілі болады және  әр дәрігер өз орынындағы міндетін атқармаса, онда кезекті шараларын көреді. 

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ