Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Жыл басынан бері екі мыңнан астам қызылордалық «Нұр Отан» партиясының қатарына қабылданды

AstanaTV
15.11.2016ж. 20:00
2781
Жыл басынан бері екі мыңнан астам қызылордалық «Нұр Отан» партиясының қатарына қабылданды

Денсаулық, білім беру, жұмыспен қамту, баспана, құрылыс пен жолдарды жөндеу. "Нұр Отан" партиясының Қызылорда қалалық филиалы өкілдері екі жылда аталған салалар бойынша нәтижелі көрсеткішке ие болды. Бұл жайында бүгін қалалық филиалдың кезекті ХІХ есеп-беру сайлау конференциясы барысында белгілі болды. Партияға халық сенімі жылдан-жылға артып келеді. Оған дәлел - қоғамдық қабылдауға келетін азаматтардың саны. Соңғы екі жылда қалалық филиалға 1300 қызылордалық проблемасын айта келген. 1046 арыз тіркелген. Олардың 300-ге жуығы оң шешімін тапқан.

Шәріп Әбдірахманов, «Нұр Отан» партиясының Қызылорда қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

Тұрмысы төмен отбасыларының тұрғын үй мәселесі, одан кейінгі көтеріліп отырған мәселе - жұмыспен қамту. Әсіресе жастарды жұмыспен қамту. Бұл мәселелер жөнінде біз жұмыспен қамту орталығымен бірлесіп, "Жастар" бағдарламасы, сосын жұмыспен қамту орталығында қайта даярлық курстарынан өткізу арқылы, біз жұмыс орындарына ұсыныстар білдіріп, осы тиісті кеңестер берілді. Нақты шешілгендері бар.

Жыл басынан бері партия қатарына қосылғандардың қарасы қалың. Қаңтар айында ғана 6600 адам мүшелікке тіркелген болса, қазір олардың қатары 8237-ге жеткен. Қалада 42 бастауыш партия ұйымы бар.

Партиялық бақылау мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысын жіті назарда ұстап отыр. Партиялық бақылау барлық нысандар құрылысында болған кемшіліктерді дер кезінде актілеп, оны жойып, реттеуін қадағалайды. Мысалы, жылу, кәріз жүйелерін қайта қалпына келтіру жөніндегі жобалық-сметалық құжаттарда көрсетілген тәртіппен жұмыс істеу қадағаланады. Ал партияның басты назарындағы мәселе - халықтың әлеуметтік мәселелерін шешу.

Ержан Байтілес, «Нұр Отан» партиясы Қызылорда қалалық филиалының депутаттық фракциясының мүшесі:

Негізгі мәселелердің бірі - бұл әлеуметтік мәселелер. Одан бөлек коммуналдық мәселелер. Оның сыртында негізгі мәселе - жол, тротуар және автобус қатынастары мәселелері жиі қозғалады. Осы уақытқа дейін мен жеке басым өзім наурыз айынан бері "Нұр Отан" партиясында оннан аса қоғамдық қабылдау жасадым. Сол қоғамдық қабылдаудың кемінде жетпіс пайызы өзінің тиісті шешімдерін тапты.

Шарипа САҚТАПОВА