$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Алматыда дәмхана мен базар отқа оранды

AstanaTV
24.11.2016ж. 20:00
3799
Алматыда дәмхана мен базар отқа оранды

Алматыда өрт оқиғалары жиілеп тұр. Бүгін шахардағы базарлардың бірінде төтенше жағдай орын алды. Ал кеше кешкісін дәмхана отқа оранып, 11 адам эвакуацияланған. Зардап шеккендер жоқ. Десе де екі қабатты мейрамхана түгел жанып кеткен. Ал, таң ата төтеншеліктер базардағы өртті ауыздықтауға күш салды.

Бүгін таңертең «Алтай» базары отқа оранды. Өрт құрылысқа қажетті лак, бояу материалдарын сататын дүңгіршектердің бірінен шыққан. Жалын, өрт сөндірушілер жеткенше, шамамен 90 шаршы метр аумаққа таралып үлгерген.

Сандуғаш Баймұхамбетова, Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі:

Өрт кезінде ешкім эвакуацияланған жоқ. Өйткені базар жұмысын әлі бастамаған болатын. Күзетшілердің айтуынша,  өрт сигнализациясы жұмыс істеп, соның  нәтижесінде «101» -ге хабарлаған екен.

Ал кеше кешкісін қаладағы дәмханалардың бірі жалын құшағында қалды. Тілсіз жау әп-сәтте 600 шаршы метр аумақты жалмаған. Оқиға орнына шұғыл жеткен өрт сөндіру қызметі 2 қабатты нысаннан 11 адамды қауіпсіз жерге шығарыпты. Абырой болғанда, адамдар дін аман.

Сандуғаш Баймұхамбетова, Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі:

Өрт сөндіру барысында 11 адам, ішінде жүрген персонал, 50 литрлік екі газ баллон, кислородтық  баллон далаға шығарылды. 25 бірлік техника және 110 құрам жұмылдырылды. Сонымен қатар 19:44 минутта  өрт толығымен жойылды. Зардап шеккендер жоқ. Себебі анықталуда.

Төтенше жағдай қызметінің мамандары өрттің неден болғанын әзірге айта алмай отыр. Ал куәгерлер, электр желісінде ақау бар екенін байқадық, дейді. Жарықтың қайта қайта өшіп-жануы олардың жұмысына кедергі болған.

Гүлжанар Бердиярова, куәгер:

Кеше осы 17.00 шамасында  жұмыста осында болғанбыз. Сосын свет өшіп-жанып солай болды. Одан кейін қарасақ, мұнда өрт болып жатыр. Біз қатты қорықтық.  Адам көп болды.

Әли Орынбаев, куәгер:

Өрт, арт жағынан тоқ соғып, басталды. 20 минуттың ішінде  жанып кетті. Көрші кафеде жұмыс істеймін.

Айгүл Ермахан, тілші:

Жалпы Алматыда қаланың қақ ортасынан қою қара түтіннің будақтап жатуы үйреншікті көрініске айналып барады. Төтенше жағдай мамандары оның себебін әрдайым сараптамадан кейін белгілі болады деп, қысқа қайырумен келеді. Жуырда 3,5 мың шаршы метрге жуық аумағы жанып кеткен «Жетісу» қонақ үйіндегі өрттің де неден тұтанғаны әлі күнге беймәлім.

Айгүл ЕРМАХАН