Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Қазақстандық суретші ядролық сынақтарға қарсы петиция жинап жатыр

AstanaTV
24.08.2016ж. 20:00
4973
Қазақстандық суретші ядролық сынақтарға қарсы петиция жинап жатыр

Биыл Семей полигонының жабылғанына 25 жыл. Осыған орай аузымен сурет салатын белгілі қазақстандық суретші Кәріпбек Күйіков ядролық қаруға қарсы петиция әзірлеп, ядролық державаларға жіберуге дайындап жатыр. Бұл туралы «Ядролық қарусыз әлем» атты дөңгелек үстел аясында мәлімдеді. Онлайн-петицияға 100 шақты елден 300 мыңнан астам адам қолдау білдірген. Мақсат - дауыс санын бір миллионға жеткізу.

Кәріпбек Күйіков, «Атом» жобасының құрметті елшісі, суретші:

Миллион дауыс жиналса, біз ядролық қаруы бар елдерге батыл үндеу тастап, бұл қаруды жоюларын талап ете аламыз. Ядролық қарумен мықты боламыз дейтін елдерге заңды талап қояр едік. Мен дүниежүзіндегі барлық ядролық қарулар жойылса деймін.

Кәріпбек Күйіков Семей ядролық сынақ полигоны маңындағы Егіндібұлақ ауылында дүниеге келген.  Жарылыстардың зардабынан мүгедек болып туған оның аяғымен, кейін тісімен салған картиналары шетелдің көрмелеріне қойылды. Ертең суретшінің көрмесі Астанада өткелі отыр. Бұл шара Семей полигонының жабылуына 25 жыл толуына және 29 тамызда атап өтілетін ядролық сынақтарға қарсы күрестің халықаралық күніне орай ұйымдастырылған. Кәріпбек Күйіковтің 30 шақты туындысы атом бомбасының зардаптарын суреттейді. Ядролық сынақтарға қарсы күрес күніне арнаған жолдауында Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун Семей сынақ полигонының қасіреті туралы да айтып өтті.

Пан Ги Мун, БҰҰ Бас хатшысы:

«Бүгін біз 450-ден астам ядролық сынақ өткен Қазақстандағы Семей полигонының жабылуына ширек ғасыр толуын атап өтіп отырмыз. 2010 жылы Семейге сапарым барысында, мен уландырғыш заттардың салдары мен зардап шеккен адамдардың батылдығын көрдім. Олардың ядролық қарусыз, бейбіт өмірге деген батыл ұмтылыстарын бөлісемін. Бас Ассамблеяның 20 жыл бұрын қабылдаған ядролық сынақтарды жаппай тоқтату бойынша келісімі әлі күшіне енген жоқ. Ядролық қарудың қауіптілігін ескере отырып, ұйымға мүше мемлекеттерді тығырықтан шығуға шақырамын».

1949 жылдан бастап Семей сынақ полигонында 456 ядролық және термоядролық жарылыс болды. Олардың 116-сы жердің үстінде өтті. Ал 1991 жылы 29 тамызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Семей полигонын жабу туралы Жарлық шығарды.

Айгүл ӘДЕПБАЙ