Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Шымкентте сәби саудасын ұйымдастырған қос дәрігерге сот үкім кесті

AstanaTV
24.08.2016ж. 20:00
2687
Шымкентте сәби саудасын ұйымдастырған қос дәрігерге сот үкім кесті

Шымкентте сәби саудасын ұйымдастырған қос дәрігерге сот үкім кесті. 40 жастағы акушер-гинеколог Жанна Мамекова 11 жылға, перзентхананың бөлім меңгерушісі Роза Алдамжарова 10 жылға жаза арқалады. Олар "қызметін асыра пайдаланып, ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, кәмелетке толмағандарды саудаға салды және жалған құжат дайындады" деп айыпталған. Енді дүние-мүліктері тәркіленіп, жазаларын жалпы тәртіптегі түзеу колониясында өтемек. Ал сәбиді асырап алушыларға қатысты қозғалған іс тоқтатылған. Айта кетейік, нәрестелердің басым бөлігі аурушаң болып туған. Олардың қазіргі отбасында қалу, қалмауын арнайы орган шешеді.

Әбинұр Қарабаев, ОҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:

Қамқоршылық және қорғаншылық органы балаларды асырап алушылардың соттылығын, тұрмыс жағдайын, баланы әрі қарай бағып қаға алады ма, сол жағын тексеретін болады. Мұнан соң іс сотқа жіберіледі. Соған сәйкес  баланы асырап алу бойынша шешім шығады.

Қазір бұл істегі тағы бір басты фигуранттың аты аталып жатыр. БАҚ өкілдерімен өткен брифингте оның дәрігерлермен тығыз байланыста болғаны айтылды. Баласынан бас тартқан аналарды тауып, үгіттеуді  міндетіне алған.

Еске салайық, Шымкентте бала сатудың жиырма бір фактісі бойынша бір АХАТ қызметкері мен делдалдық жасаушы екеу қазір жазасын өтеп жатыр. Ал бүгін жаза кесілген қос дәрігер 20 нәрестенің өмірін саудаға салған. Мұны екі жылға созылған тергеу кезінде прокуратура қызметкерлері анықтапты.