Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

ШҚО үйлерді су басқан жағдайда, халықты эвакуациялайтын 68 орын дайындалды

AstanaTV
06.02.2023ж. 10:00
1246
ШҚО үйлерді су басқан жағдайда, халықты эвакуациялайтын 68 орын дайындалды

Шығыс Қазақстан облысында үйлерді су басса, халықты эвакуациялайтын 68 орын дайындалды. Бүгін облыс әкімінің бірінші орынбасары Алмасхан Сматлаевтың төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі ШҚО комиссиясының кезекті отырысы өтті. Онда көктем кезіндегі басты мәселе - су тасқынына дайындық жайы сөз етілді.

«Қыс басталғалы жергілікті атқарушы органдар 191 000 текше метрден астам қар шығарды. Су тасқыны қаупі жоғары кезеңде жедел ден қою үшін жеке құрамнан 1719 адам, 224 мотопомпа, құтқарушылар мен жергілікті атқарушы органдардың 83 жүзу құралы, 750-ден астам техника сақадай сай. Қажет болған жағдайда ҚР ТЖМ 68303 әскери бөлімінің азаматтық қорғаныс полкі қосымша тартылуы мүмкін», - дейді А.Сматлаев.

Үйлерді су басқан жағдайда эвакуацияланатын халықты орналастыру үшін қалалар мен аудандардың әкімдері жалпы сыйымдылығы 6500 адамнан асатын 68 орын дайындады.

ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Арман Тоқанов өз баяндамасында өңір бойынша су тасқынына бейім 71 елді мекен бар екенін атап өтті.

«Атқарылған жұмыстардың арқасында 15 елді мекенде қауіп толықтай жойылып, 46-сында азайтылған. Су тасқынына қарсы іс-шаралардың Жол картасы шеңберінде 2022 жылы шара іске асырылды. Биыл тағы 5 шара қолға алынбақ», - дейді ол.