Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Оралдың іргесіндегі саяжайларды су басуы мүмкін

AstanaTV
06.02.2023ж. 20:00
671
Оралдың іргесіндегі саяжайларды су басуы мүмкін

Орал қаласының іргесіндегі саяжайларды су басу қаупі бар. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Орал қалалық филиалының партиялық бақылау комиссиясының тексеруі кезінде белгілі болды. Өйткені бау-бақша егуге арналған аумақ бүгінде үлкен елдімекенге айналған. Жайық пен Шаған өзендері тасығанда су басатын аумаққа жаппай тұрғын үйлер салынған. Саяжайды сағалаған ағайынға қатер төнбеуі үшін еріген қар суы мен тасыған өзеннің арынын басатын бөгет пен тоғанның ахуалын ұдайы бақылауда ұстау қажет. Ал төтеншеліктер мұндай жағдайдың жылда қайталанатынын айтады.

Амангелді ЕШМҰХАНОВ, ҚАЛАЛЫҚ ТЖБ БАСТЫҒЫ:

Қазір халық саяжайлардан жаппай үй салып жатыр. Бірақ бұл аумақта мұндай баспана тұрғызуға болмайды. Өйткені, бұл жер көктемде су астында қалады. Топырағы құнарлы болуы да содан. Бірақ мұны көбі ескермейді. Сондықтан жыл сайын көктемге таман саяжай халқын ескертіп, арнайы техника бөліп, құм салынған қапшық тасып, жылда әбігерге түсеміз.

Партиялық бақылау комиссиясының мүшелері қала маңындағы су тоғандарының жағдайымен де танысты. Бүгінде шаһар аумағындағы 4 гидротехникалық құрылыстың бірін күрделі жөндеу керек. Өйткені су жүретін құбыры опырылған бұл тоғанның іргесінде Ынтымақ ауылы орналасқан. Осы елді мекенді су баспауы үшін ауылды айнала қазылған арна да назардан тыс қалмады. Партиялықтар көктемгі су тасқынына дайындық қамын қазір барлық ауданда пысықтап жатыр. Кейін облыстық партиялық бақылау комиссиясының отырысында осы бағытта атқарылған жұмыстар баян етіледі.

Нұрлан РАҚЫМЖАНОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ОРАЛ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫ ПАРТИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Қауіпті участоктер бар екенін өз көзіммен көрдім. Біздің міндетіміз енді қоғамдық бақылау. Алдағы уақытта бізде осындай жағдайлар болмасын деп тілейміз. Қар көп емес, бірақ қыс әлі біткен жоқ. Босаңсуға уақыт жоқ. Екі ай уақыт бар әлі. Осы жұмыс алдағы уақытта облыс аумағында түгелдей жалғасады деп есептейміз.

Е. Карин