Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Қазақстан құтқарушылары Түркияда үйіндіден 26 адамды алып шықты, жетеуі – аман

AstanaTV
11.02.2023ж. 14:19
1349
Қазақстан құтқарушылары Түркияда үйіндіден 26 адамды алып шықты, жетеуі – аман

Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары Түркияда іздестіру-құтқару жұмыстарын жалғастырып жатыр. ҚР ТЖМ-ның баспасөз қызметінен мәлім еткендей, құтқарушылардың жұмысын көптеген үйінді, олардың жылжып кету қаупі күрделендіруде.

Бүгінгі таңда Қазақстан мамандары 7 адамды құтқарып, медицина қызметкерлеріне тапсырды. Қайтыс болған 19 адамның, оның ішінде бір баланың денесі үйінді астынан шығарылды.Қазақстан ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері зардап шеккен адамдарға тәулік бойы алғашқы медициналық көмек көрсетіп жатыр.

«Газиантеп қаласында пневмокаркасты модуль негізінде медициналық бекет орнатылды, ол жеке құрамды жылыту үшін де қолданылады. ТЖ салдарынан зардап шеккендерге, құтқарушыларға, сондай-ақ зардап шеккендердің туыстары мен жақындарына шұғыл көмек көрсету біздің негізгі міндетіміз болып табылады. Күніне орта есеппен 35-тен астам зардап шеккен адам медициналық көмекке жүгінеді. Олардың ішінде стресстің жедел реакциясымен, тыныс алу жолдарының ауруларымен, сондай-ақ әртүрлі жарақаттармен байланысты аурулар басым. Күн сайын жеке құрамның жылыту пунктіне зардап шеккендердің туыстары мен жақындары, орта есеппен 40-50 адам кіріп жылынады. Апаттар медицинасы орталығының медициналық пункті мен медициналық қызметі барлық қажетті медициналық жабдықтармен, дәрілік заттармен қамтамасыз етілген. Шұғыл және кезек күттірмейтін медициналық көмек көрсету тәртібінде жергілікті органдармен өзара іс-қимыл жасаймыз»,- деп ҚР ТЖМ Апаттар медицинасы орталығы Алматы қаласы бойынша филиалының басшысы Жазылбай Қозыбахов айтты.

Түркияға жеткен қазақстандық құтқарушылардың бірінші эшелонына іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу ауданы ретінде – Газиантеп қаласы бекітілді. Қазір мұнда мамандар тәулік бойы екі ауысымда үш учаскеде жұмыс жасауда.

Құтқарушылардың бірінші тобы толығымен қираған тоғыз қабатты ғимарат үйіндісінде жұмыс жүргізуде. Бұл жерде 4 адам құтқарылды, қаза тапқан 4 әйелдің денесі шығарылды.

Құтқарушылардың екінші тобы алты қабатты ғимаратта жұмыс жасап жатыр. Ғимарат ішінара қираған, тірек құрылымдарының бұзылуынан толық құлау қаупі бар. Инженерлік техниканың көмегімен нысанның 3-қабатына дейін демонтаж жүргізілді, үйінділер арасынан адамдарды іздеп-табу жалғасуда. Мұнда қайтыс болған 6 адамның денесі шығарылды.

Үшінші топ та алты қабатты ғимаратта жұмыс жүргізуде. Ғимарат толығымен қираған. Үйінділер арасынан қаза болған 4 адамның денесі шығарылды.

Министрлік ақпаратына сәйкес, Қазақстан ТЖМ құтқарушыларының екінші эшелоны Түркияға жеткен сәттен бастап іздестіру-құтқару жұмыстары тәулік бойғы режимге көшірілді.Екінші эшелон үшін іздеу орны Нурдагы қаласындағы толығымен қираған ғимарат бекітілді. Ол Газиантеп қаласынан 69 шақырым жерде орналасқан. Бұл нысанда қазақстандық құтқарушылар адамдардың орналасқан жері мен жай-күйін анықтау, үйінділер астында зардап шеккендермен аудио байланыс орнату, қажетті көмектің көлемі мен сипатын анықтау бойынша жұмыстарын жүргізді.

Қазақстан құтқарушыларының жедел және сауатты іс-қимылының, сондай-ақ зардап шеккендерді блоктан шығару бойынша уақтылы қабылдаған шараларының арқасында үлкен тереңдіктегі үйінділер астынан зардап шеккендерді эвакуациялауға арналған «жол» салынып, үш адам - ер адам мен екі әйел аман шығарылды. Адамдар дереу медицина қызметтеріне жеткізілді. Қайтыс болған тағы бір адамның денесі табылды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Хатай елді мекеніне құтқарушылар тобы және кинологиялық есептоптар жіберілді. Іздеу объектісі – толығымен қираған алты қабатты үй. Осы объектіде 9-10 ақпанда қиранды астынан көз жұмған үш адамның денесі шығарылды, оның бірі – Қазақстан азаматы, екеуі – Түркия азаматы.

Еске салайық, Қазақстан құтқарушылары мінген борт 7 ақпан күні Газиантепке аттанған болатын. Мамандарымыздың екінші тобы Газиантепке 8 ақпан кешқұрым жетті.

Түрік елінде зілзала кезінде жоғалып кеткен бірнеше қазақстандық табылды. Оның бірі – Сабина Мамадьярова 8 ақпан күні үйінді астынан аман шығарылды.

Хатайда жұмыс істеп жатқан қазақстандық құтқарушылар Әділ Қадірбековтің өлі денесін тапты. Көп ұзамай Мирболат Құрмашевтің денесі де қиранды астынан табылды.

6 ақпанда Түркияда болған жойқын зілзаладан қаза болғандар саны соңғы мәліметке сәйкес, 20,2 мыңнан асты, тағы 80 мыңнан астам адам зардап шекті.