Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Оралдағы кеме жасау зауытында жүздеген еңбеккерлер әулеті жұмыс істейді

AstanaTV
13.02.2023ж. 20:00
1840
Оралдағы кеме жасау зауытында жүздеген еңбеккерлер әулеті жұмыс істейді

Оралдағы кеме жасау зауытында жүздеген еңбеккерлер әулеті жұмыс істейді. Бүгінде алып өндіріс орны олардың екінші үйіне айналған. Тарихы екінші дүниежүзілік соғыс жылдарынан тамыр тартатын кәсіпорын заманауи технологияны игеріп, ел шекарасын қорғайтын әскери техника жасауды меңгерген. Өндіріс орнындағы еңбеккерлер әулетінің тыныс-тіршілігі туралы тілшіміздің материалында.

Аға буынның ілкімді ісін жалғастыру Дәулетияровтар отбасы үшін бұлжытпас ережеге айналған. Ағайындылардың қолынан шыққан әскери кемелер шекарашыларға қызмет етіп, Каспий теңізінің тыныштығын күзетіп жүр. Отбасының үлкені Асхат Дәулетияровтың мұнда жұмыс істегеніне ширек ғасырдан асқан.

Асхат Дәулетияров, «ЗЕНИТ» ЗАУЫТЫ АҚ ЖҰМЫСШЫСЫ:

Бүгінде зауыт өзімнің отбасым секілді, бәріміз бір үйдің баласындай татумыз. Өйткені бәріміз осындағы жұмысшылар ауылында туып-өстік. Содан болар, бір-бірімізге сыйластығымыз бөлек. Ал жұмысқа келсек, тапсырыс көбірек болса деген тілектеміз. Сонда отандық өндірісті дамытуға үлес қосар ек.

Асхаттың інісі Серік Дәулетияров та аңызға айналған зауытта еңбек етуді бала кезінен армандағанын айтады. Қазір апасы Әлфия да осында жұмыс істейді. Бүгінде Дәулетияровтар әулетінің жалпы еңбек өтілі 160 жылдан асады.

Серік Дәулетияров, «ЗЕНИТ» ЗАУЫТЫ АҚ БАС ИНЖЕНЕРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Зауыт табалдырығын алғаш аттаған кезде осында өмір бойы жұмыс істегендей қызық сезімде болдым. Бәрі де жақын адамдарым сияқты. Мұнда ұрпақтар сабақтастығы жақсы сақталған. Аға буын өзінен кейінгілерді үйретіп, шеберлігін шыңдайды.

Бір әулеттен шыққан жүздеген тағдырды тоғыстырған кеме жасау зауытының тарихы екінші дүниежүзілік соғыс жылдарынан басталады. Сол кезде қоршаудағы Ленинградтан құрал-жабдық тиелген эшелон жұмысшылармен бірге Оралға жеткізілген. Араға ай салып, зауыт қарудың алғашқы партиясын майданға жіберді. Неміс басқыншыларын күйреткен теңіз торпедаларының алуан түрі осында жасалған. Қазір де зауыт жұмысшылары осы абырой биігінен түскен емес.

Е. Карин