Алматыдағы Есенберлин көшесіндегі тұрғын үйлердің бірінде адам өлімі орын ала жаздады. Мәліметтерге сүйенсек, үй иесі ішімдік ішіп, мас күйінде өз-өзіне қол жұмсамақ болған. Суицид жасамас бұрын туыстары мен достарына қоштасу үшін телефон соғыпты. Суицид жасауға бел буған ер кісінің досы бірден “102” нөміріне қоңырау шалған.
Медеу ауданының учаскелік инспекторлары 65 жастағы ер адамның өмірін сақтап қалуға көмектесті.
«Үйдің есігі құлыптаулы болды, оны сындыруға мәжбүр болдық. Үйге кірсек, бұл адам пештің жылыту құбырында ілулі тұрды. Мен көтердім, серіктесім оны шешіп алды. Алғашқы медициналық көмек көрсеттік. Таза ауаға шығардық. Жедел жәрдем шақырдық», – деді Медеу аудандық ПБ ЖПҚБ УПП-нің учаскелік инспекторы Алмас Жанғали.
Зардап шеккен азаматқа дәрігерлер бірден көмек көрсетті. Есін жиған ер кісі біраздан кейін ғана өзінің үлкен қателік жібере жаздағанын түсінді.
"Өмірімді сақтап қалған полиция қызметкерлеріне үлкен рақмет.Бұлай болғанына кешірім өтінемін. Қателік жасадым", – деді 65 жастағы қала тұрғыны.