$498.55 €524.28 ₽4.75
×

Елордалық құтқарушылар қаза болған әріптестерін еске алды

AstanaTV
18.02.2023ж. 22:47
1524
Елордалық құтқарушылар қаза болған әріптестерін еске алды

Елордалық құтқарушылар дәстүр бойынша қызметтік борышын атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан әріптестерін еске алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

17 ақпанда «Құтқарушылар» саябағында орнатылған мемориалға гүл шоқтары қойылып, құтқарушылар қызметтік борышын атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан әріптестерін бір минут үнсіздікпен еске алды.

Осыдан 13 жыл бұрын, 2010 жылдың ақпан айында елордада бұрынғы бомбапана ғимараты өртенген болатын. Үш қызметкер сол өрттен оралмады. Алдымен, бір өрт сөндіруші жоғалып, оны іздеуге кеткен 2 қызметкер де қайтып келмеді.

Валерий Михайлович Зайцев елордада қиын және ауыр өрттерге шыққан. Сол күні полковниктің оқиға орнын жіті қарап, мән-жайды анықтау және әріптесін құтқару үшін өртке өзі шыққан болатын.

Саят Сапарбекұлы Абеевтың ерліктері қатарында ірі өрт оқиғалары, бірнеше құтқарылған өмір бар. Ол басқалардың өмірін өзінікінен жоғары қоятын. Өртте оның бүкіл ойы мен іс-қимылы адам өмірін құтқару және өртті жеңуге бағытталатын.

Руслан Қожахметұлы Кәкішев өмірінің соңғы минутына дейін қызметтік міндеттерін орындауға адал болды. Өзінің өмірін қатерге тігіп, жеке құрамды қорғады. Соңғы уақытқа дейін жігерлік танытып, өртпен күресті.

Құтқарушылар әріптесі Асқар Забикулинді еске алды. 2022 жылдың қараша айында елордада көп қабатты үйдің бірінде өрт болып, адамдарды құтқару кезінде өз өмірін қатерге тіккен өрт сөндіруші ерлікпен қаза тапты. Ол әрқашан өзінің ержүректілігімен, батылдығымен және өз ісіне деген сүйіспеншілігімен ерекшеленді. Жұмысқа зор құрметпен және жауапкершілікпен қарады, жоғары сынып маманы болды.