$499.51 €525.83 ₽4.62
×

Петропавл әкімдігі 5 млрд теңге көлемінде бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланған

AstanaTV
21.02.2023ж. 15:49
870
Петропавл әкімдігі 5 млрд теңге көлемінде бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланған

Петропавл әкімдігі қала көшелеріндегі жолдарға қиыршық тас төсеуге бөлген 5 млр теңге қаражат босқа жұмсалған. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жасаған антикор өкілдері бірқатар деректерді анықтады.

Петропавл қалалық әкімдігі соңғы үш жылда шаһар көшелеріне қиыршық тас төсеуге 5 млрд теңге бөлген. Жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттар жасамаған. Тапсырысты орындаушы компанияға ақшаны тым көп төлеген.

«Қазір төселген қиыршық тасқа сараптама жүргізу мүмкін емес. 5 млрд теңге желге ұшқан. Талдау қорытындысы бойынша облыс басшылығымен бірлесіп қаланың барлық грейдер жолды көшелерін асфальттау туралы ұсынымдар әзірленді. Бұл белгіленген сыбайлас жемқорлық схемаларын толығымен жояды. Осылайша, қаражаттың жұмсалуын сапалы бақылау және қаланың барлық жолдарының техникалық жай-күйін арттыру мақсатына қол жеткізіледі», - дейді СҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Сергей Перов.

Өңірлік антикор басшысының айтуынша, өткен жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы 15 мониторинг жүргізілді. Үш мемлекеттік орган мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарының қызметі сыртқы талдаудан өтті.

«Жалпы, мемлекеттік органдарға бизнес – процестерді жақсарту, әкімшілік кедергілерді азайту, заңнаманы жетілдіру бойынша 150 – ден астам ұсынымдар мен ұсыныстар (99-талдау және 52-мониторинг) енгізілді. Олардың 75% - ы қазірдің өзінде іске асырылды. Мәселен, ағымдағы жылы біз тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары және жолаушылар тасымалы саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдауды аяқтадық. Аналитикалық жұмыс арқылы біз 37 сыбайлас жемқорлық тәуекелін анықтап, 83 ұсыныс бердік», - деді Сергей Перов.

Бүгінгі күні облыс орталығының 17 көшесін асфальттау үшін бюджеттен 4 млрд теңге бөлінді.