$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Жаңа оқу жылы басталғанымен, оқулық іздегендердің қарасы сейілмей тұр

AstanaTV
02.09.2016ж. 20:00
2924
Жаңа оқу жылы басталғанымен, оқулық іздегендердің қарасы сейілмей тұр

Оқулық тапшы. Кітап дүкендерінде ұзын-сонар кезек сейілер емес. Ал, мұнда оқулықтың бірі болса, бірі жоқ. Тіпті кей өңірлерде мұғалімдер оқушыларға жоқ кітаптың тізімін тізіп, сатып алуларын талап еткен көрінеді. Тегіннен күдер үзіп, қалтасындағы қаражатына оқулық таппай сенделген ата-аналармен тілшіміз тілдесті.

Жезқазғанда оқу жылы басталғалы кітап дүкендерінің алдында ұзын-сонар кезек. Ата-аналардың айтуынша, мұнда әсіресе бесінші сынып оқушыларына арналған кітап жетіспейді. Сағат әжей немересіне ағылшын тілін іздеп, Жезқазғаннан Қарағандыға келді.

Сағат Асқарова, Жезқазған қаласының тұрғыны:

Мектепте 6 кітап берді тегін. Енді жоқ кітабының тізімін жасап берген. Кітаптарын алдым. Оның ішінде ағылшын тілін таба алмай жүрмін.

Қадиша Молдабаева, Қарағанды қаласының тұрғыны:

Познание мира, литература, русский, математика, английский, осы 5-6-на 4 мың ақша жұмсадым, әлі керегі бар. Жағдайымыз жетпейді. Хорошо, бір бала оқиды.

Бұл көрініс Алматыда  да бар. Абылай хан, Жандосов, Төле би көшелерінің бойындағы кітап дүкендеріне ентелегендердің қатары сейілер емес. Ата-аналар қымбаттығына қарамастан, сатып алуға мәжбүрміз дейді. Кітап іздеп сабылғандар арасында мұғалімдер де бар.

Математика,  сосын көркем еңбек деген. Енді соны аламыз. Енді кітап, мектепте сынып көп болған соң, жетіспей жатыр, дейді. 

Қазақ тілі жетпей қалуы мүмкін дегенді естідік. Сондықтан өзіміз түгелдеп жатырмыз.

Елена Фаст, неміс тілі пәнінің мұғалімі:

Мне нужен учебник немецкого языка за 7 класс.

Мегаполис мамандары оқулық тапшылығын оқушылардың артуымен байланыстырып отыр. Өткен жылы 27 мыңнан аса бала мектеп табалдырығын аттаса, биыл 31 мыңға  жуықтаған. Сондықтан қосымша оқулыққа тапсырыс берілген. 

Рахат Шимашева, Алматы қалалық білім басқармасының басшысы:

Биыл мына білім мазмұнының жаңартылуына байланысты балалардың көбісінің 6 жастан көбірек келіп қалар деген мақсатпен 2,5 мың балаға артығымен оқулық жоспарлағанбыз. Бірақ онымыз да жетіңкіремей, бүгінгі күнде қазір баспалармен жұмыс жасап, артық келген баланы барлығын қамтамасыз еттік. 2 млрд 33 млн жергілікті бюджеттен қосылған болатын. Қосымша баланың өсуіне байланысты 57 млн теңге тағы қосымша қосылып, оқулық жетпеген балаларды оқулықпен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Ал бұған дейін елдің білім министрі кітаптар 100 пайыз жеткілікті деген болатын.

Ерлан Сағадиев,  ҚР Білім және ғылым министрі /1.09.2016 ж./:

Оны кім айтты, барып алдымен тексеру керек. Біз 380 мың комплект оқулықтар басып, тасып, өзіміз таратып бердік. Жергілікті әкімшіліктер  өздері мектепке апарып береді. Мектеп оқулықтары жер-жерде жетпей жатыр деген ақпарат қазір жоқ.

Жангелді Сүлейманов, адвокат:

Мемлекет оқушыларды оқулықтармен тегін қамтамасыз ету үшін қазынадан қомақты қаржы бөледі. Сондықтан  оқулық тапшылығын сезініп, дүкендерден кітап сатып алып жатқан ата-аналарға айтарым, кітап құны жазылған түбіртекті жоғалтпай, сақтап қоюға кеңес беремін. Кейін сол арқылы білім министрлігіне, жергілікті білім басқармасына өтініш жазып, өз қалтасынан шыққан шығынды өтеп алуына болады. 

Айгүл Ермахан, тілші:

Оқулық тапшылығын әсіресе 1-ші сыныпқа енді барған балғындар мен 8-ші сыныптың оқушылары сезініп отыр. Өйткені олардың оқулықтары түбегейлі қайтадан басылды. «Оқулық» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының мәліметінше, кітаптар 4 жылда бір жаңартылып отырады. Келер жылы 2, 5 және 7 сыныптар қайта өңделеді. Бұндай оңтайлы жұмыстарды жүзеге асыру үшін қазынадан да қомақты қаржы бөлінуде. Десе де өңірлердегі жағдай әзірге тұрақталмай тұр.

Айгүл ЕРМАХАН