Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Таразда №32 мектеп оқушылары жаңа оқу жылын формасыз қарсы алды

AstanaTV
02.09.2016ж. 20:00
7365
Таразда №32 мектеп оқушылары жаңа оқу жылын формасыз қарсы алды

Жамбылда жаңа оқу жылы жанжалмен басталды. Тараздағы №32 орта мектеп оқушылары 1-ші қыркүйекте мектепке формасыз барған. Ата-аналар біркелкі форма үшін мектеп басшылығына қыруар қаржы жинап берген. Бірақ жеме-жемге келгенде не форма, не ақша жоқ дейді. Данияр Әлімқұл тақырыпты толықтырады.

5 мың теңгелік форманы 15 мың теңге дейді. Масқара, ұятсыздар! Қалай киесің бұл арзанқолды?

Алғашқы қоңырауды айқаймен бастаған ата-аналар, мектеп формасына осыдан төрт ай бұрын тапсырыс бергендерін айтады. Бірақ, бүгінге дейін біркелкі форманың бірде біреуі жоқ. Олар киім тігуші кәсіпкерге тапсырыс жасауға мектеп директоры мәжбүрлеп көндірді дейді.

Бұған мектеп басшылығы кінәлі. Оқу жылы аяқталарда бір компания келді. Мектеп директорымен келісімшартқа отырыпты. Сонда бізді киім сапалы, бағасы қол жетімді деді. Осы формаға міндеттеді. Жаз өтті, балалар киімсіз қалды.

Мектеп директоры мәселеге араласпағанын айтады. Бастапқыда, ата-аналар өздері төрт киім тігуші кәсіпкерді шақыртыпты. Енді дер кезінде тапсырысты орындамаған кәсіпкерді өздері таңдап алған, деп отыр.

Қанат Иманов Тараз қаласы №32 мектептің директоры:

Бұл негізі жеткізушінің кінәсі. Уақытында жеткізе алмады. 20-шы тамызда толық киіндіру керек еді. 1 қыркүйекке дейін үлгерген жоқ . Енді 10 күн деп отыр. Енді амал жоқ күтуге тура келеді. 

Ал бұл азаматша - Астанада тіркелген «Мақсат» жеке кәсіпкерлігінің басшысы. Оқушы формаларының осы уақытқа дейін тұтынушыға жетпегендігін былай түсіндірді.

Жайна Садықова,  «Мақсат» ЖК басшысы:

Мектеп, біріншіден, жиналған ақшаларын кеш өткізді. Ал, 100 пайыз жинап бердік деп жүрген ата-аналар 30 пайызын ғана берді. Ал, олар келісім бойынша 50 пайызын беруге міндетті болатын. Мен өз қаржымды құйып, киінсінші көштен қалмай деп, тауарды сатып алдым. Тек ол тауарым Алматыда қалды. Кеденнен өту кезінде кейбір құжаттар дұрыс болмай, кешігіп қалды.

Қалалық білім бөлімінің басшысы да 2 аптада ел күткен форма келеді деп сендірді.

Гүлзия Зауырбекова, Тараз қалалық әкімдігі білім бөлімінің басшысы:

Бұл жерде таза ата-аналардың кінәсі ғой. Солардың комитеті дұрыс істемеген ғой. Өздері сынап материалын көріп, үлгісін көріп, өздері таңдаған ата-аналар.

Енді ата-аналар киім тігуге берген қаржыны қайтып алмақ.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ