Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Солтүстік Қазақстан облысында мектепке дейінгі білім беру мәселесі әлі шешілер емес

AstanaTV
02.09.2016ж. 20:00
1851
Солтүстік Қазақстан облысында мектепке дейінгі білім беру мәселесі әлі шешілер емес

Қызылжар өңірінде үш аусымдық оқу проблемасы шешілді. Бұл туралы облыстық мәслихатта өткен "Нұр Отан" партиясының филиалы отырысында айтылды. Онда «Нұрлы жол» комиссиясының «Әлеуметтік инфрақұрылымның дамуы» бағыты жөнінде баяндамасы тыңдалды. Биыл теріскейде "Нұрлы жол" бағдарламасы аясында 3 нысан қолданысқа берілді. Ал Тайынша ауданында 300 орындық мектеп бой көтерді. Ғабит Мүсірепов ауданында 400 балаға шақталған мектеп-интернат салынды. Қос нысанның құрылысына шамамен 2,5 миллиард теңге жұмсалған. Сондай-ақ мемлекеттік бағдарлама аясында Петропавлда жаңа балабақша соғылды. Нысан 320 баланы сыйдыруға қауқарлы. Дегенмен, мектепке дейінгі білім беру мәселесі әлі де өткір. Қазір тек Петропавлдың өзінде кезекте тоғыз мыңға жуық бала бар.

Ғафура Бүстекова, «Нұрлы жол» бағдарламасының іске асуы жөніндегі комиссия жетекшісі, облыстық мәслихат депутаты:

Береке және қаланың солтүстік аймағында келесі жылы тағы 2 балабақшаны салу жоспарланып отыр. Қазір бұл жобаларды республикалық комиссия қарап жатыр. Жобалық-сметалық құжаттамалар да әзірленуде. Арнайы сараптама жасалу қажет. Жалпы, бұл балабақшалардың құрылысына 1,5 миллиард теңге керек.

Комиссия мүшелері өңірдегі «Нұрлы жол» бағдарламасының іске асуына оң баға беріп отыр. Ешбір олқылық байқалған жоқ, дейді. Салынып жатқан кейбір нысандар тіпті межелеген жоспардан ерте бітуі мүмкін.

Владимир Притчин, «Нұрлы жол» бағдарламасының іске асуы жөніндегі комиссия мүшесі, облыстық мәслихат депутаты:

Әлеуметтік нысандарға су, кәріз құбырларын тарту сынды жұмыстар қарашада тапсырылуы тиіс еді. Бірақ, бұл жұмыстар аяғына жетіп қалды. Қос мектеп пен балабақшаның құрылысы да оқу жылы басталар алдында бітті. Бөлінген қаражат жүз пайыз игерілді. Қандай да бір шикіліктер анықталған жоқ.