$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Алматы облысындағы ауыл тұрғындарының қалаға қатынайтын қоғамдық көлігін шектеп тастаған

22.02.2023ж. 20:00
1741
Алматы облысындағы ауыл тұрғындарының қалаға қатынайтын қоғамдық көлігін шектеп тастаған

Алматы облысындағы Райымбек ауылының тұрғындары қалаға қатынайтын қоғамдық көліктің жоқтығын айтып дабыл қағып жатыр. 50 мыңға жуық тұрғыны бар округке небәрі бір автобус бөлінген. Оның өзі ауылдың кіре берісіне ғана тоқтайды. Жалғыз бағытта қатынайтын қоғамдық көлікті 40 минуттар күтетін көрінеді.

Жергілікті халықтың айтуынша, таңертеңгілік және кешкі мезгілдерде автобуста ине шаншар жер болмайды. Біз де қоғамдық көлікке түс мезгілінде отырып көруге бел будық. Аялдамада автобус күтіп тұрғанымызға 40 минуттан асты. Оның өзі қалаға дейін апармайды дейді тұрғындар. Көп күткен көлігіміз де келді.

Әйкерім ПЕРНЕБЕК, ТІЛШІ:

Автобустың іші лық толы өздеріңіз көріп тұрғандай. Орын болмаса да іліккенімізге қуанып тұрмыз. Ал ауыл тұрғындары бұл жағдайға күнделікті кезігеді. Біреулер оқуға кешіксе, енді бірі жұмысынан қалуға мәжбүр.

Серік МЫҚТЫБАЕВ, РАЙЫМБЕК АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Маршрутты тоқтатты. Бұрын маршрут анау Саяхатқа дейін баратын. Бәрі жұмысқа барады. Автобустың жүрісі өте нашарлады. Осыған байланысты жұрттың бәрі жұмыстан кешігеді. Балалар мектептен кешігеді.

Жанар БАКЕЕВА, РАЙЫМБЕК АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Күніге 4-5 пересадкамен жүру ары-бері, оңай емес. Бала шағалары барады. Аяғымыз дала қалып жатады автобуста. Бір емес біз қазір санадық он округтің адамдары мында екен.

Қоғамдық көліктің аздығы тұрғындарды әбден шаршатқан. Сыймай қалса, таксиге мінеді екен. Бірақ бәрінің бірдей қалтасы көтермейді.

Халима ОРАЗАЛИЕВА, РАЙЫМБЕК АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Қазір біз таксимен қатынап жүрміз. Күніге- 600 теңге. Оған халықтың қалтасы көтермейді оны. Қазір темболее қымбатшылық заман. Бес балалы, алты балалы үйлер бар например.

Автобустың санының аздығы мен бағытының қысқарғанын айтып ауыл тұрғындары шағымданған. Бірақ автопарк басшылығы әзір қосымша қоғамдық көлік қарастырылмағанын айтты.

Қазбек ЖАНЫСБАЕВ, АВТОПАРК БАСШЫСЫ:

Магистральға жаңа маршрут жүзді ашқан, қырық автобус жүріп жатыр. Оптимизация деп бізді қысқартып жатыр. Біз қазір хат жаздық халықтардың қолын жинап, бұрынғы кольцомен төмен айналсын деп, тезірек жүрсін деп.

Қуаныш ҚОЖАХМЕТОВ, РАЙЫМБЕК АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Сразу жаздық управлениеге, қазіргі таңда әлі жауабы қайтарған жоқ. Қалай жауабын береді біз халыққа айтамыз. Шамамен бір он күннің ішінде жауабы келу керек.

Ауылдың әкімі қоғамдық көлікке өзі де мініп көруге уәдесін берді. Мүмкін тұрғындардың мәселесін содан кейін түсінер.