$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Экстремизмнің алдын-алу бойынша мамандарды қайта даярлау институты ашылды

AstanaTV
05.09.2016ж. 20:00
3221
Экстремизмнің алдын-алу бойынша мамандарды қайта даярлау институты ашылды

Елімізде жат ағымның жетегінде кеткен азаматтардың саны 16 мыңға жеткен. Бұл туралы  «Экстремизмнің алдын-алу саласындағы мамандарды қайта даярлау институтының» ашылуы кезінде Дін істер комитетінің өкілі айтты. Енді оларды дәстүрлі дінге қайтару маңызды болып отыр. Сол себепті Алматыдағы Нұр-Мүбарак университетінде жат ағымның жетегіне ергендерді тәрбиелейтін мамандар дайындау ісі қолға алынбақ. Осы мақсатта әр өңірден 20 имам жиналған. Оларға Мысырдан шақыртылған ұстаздар екі жарым ай бойы дәріс өткізбек.

Ержан қажы Малғажыұлы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти:

Ең басты талабымыз - имам араб тілін толық білген болуы керек. Өйткені арабша сабақ беріледі. Әрі қарай діни шағи кітаптарды терең меңгерген болуы керек. Іліміне қарай жинайтын боламыз.

Шетелдік профессорлар арнайы әдіс-тәсілдер арқылы сауаттылықты арттырып, теріс ағымның арбауына түскендерді қалыпты ортаға бейімдеуге күш салмақ. Дін істері комитетінің мәліметінше, лаңкестік топтарға азаматтарды тарту көбіне ғаламтор арқылы жүргізіледі.

Балғабек Мырзаев, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі дін істері комитетінің басқарма басшысы:

Әлеуметтік желілерде өздерінің арнайы топтарын құрып алып сол арқылы насихаттап жатады, сонымен қатар  интернет желісінде не болмаса табиғи жолмен діни әдебиет кітаптарын таратып жатады. Соңғы уақытта біз осындай мәселелерге қатты көңіл бөліп жатырмыз. Біздің еліміздің аумағындағы 15-16 мың шамасында деп айтып жүрген радикалды жат ағымға кетіп қалды деп жүрген азаматтардың көбін біздің ортаға бейімдейміз деген ойдамыз.

Айта кетейік, Дін істері комитеті ел аумағында мемлекеттік басқару жүйесін Исламға ауыстырамыз деп діни алауыздыққа үндеген 22 ұйым анықталып,  олардың қызметіне соттың шешімімен тыйым салынғанын айтты.

Айгүл ЕРМАХАН