Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Қарағанды облысында сібір жарасына қатысты қылмыстық іс қозғалды

AstanaTV
05.09.2016ж. 20:00
2815
Қарағанды облысында сібір жарасына қатысты қылмыстық іс қозғалды

Балқашта ауру малдың етін сатқан фермер «жалған анықтаманы» сатып алған болуы мүмкін. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі карантин жарияланған аумақта өткізілген жабық жиында мәлімдеді. Аймақта бірнеше адамның сібір жарасы дертін жұқтыруына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Ауру малды соярдан бұрын жіті тексермей, ісіне салғырт қараған Балқаштағы ветеринарлардың іс-әрекетін полицейлер тексермек.

Нұрмұхамбет Әбдібеков, Қарағанды облысының әкімі:

Кезінде оны екпеген екен. Иесі оны біліп отырып сойғасын, алады да Балқашқа апарып, справкасын сатып алады. Егілмеген екенін біліп отырып. Оған ветеринарлар жаңағы справканы, етін тексерместен, сатып отыр. Бұл жағдай қалай? Күнделікті осындай жағдайда отырмыз ба?!

Мал дәрігерлерінің анықтаманы қанша адамға, қалай сатқаны тергеу барысында белгілі болмақ. Сондай-ақ, Ақтоғай ауданы әкімінің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары, ауыл әкімі мен ветеринарлық бекет директоры жұмыстан қуылды. Алдын ала болжам бойынша, дерттің таралуына ветеринар мамандардың салақтығы себеп болған. Ал вакциналар бұдан бұрын  тәуелсіз сараптама орталығында тексеріліп, сапасынан еш кінәрат шықпаған.

Еске салсақ, екі апта бұрын Ақтоғай ауданы Үшарал қыстағының тұрғыны ауру малды сойып, етін сатып жіберген. Мал иесінің ауру жұқтырғаны анықталды. Қарағанды облысында күйдіргі дерті бұдан екі ай бұрын Шет ауданына қарасты Еркіндік ауылынан шыққан еді. Қауіпті дерттен екі адам көз жұмған болатын.

Жалғасбай Жақаев, Қарағанды облыстық ІІД жергілікті полиция қызметінің бастығы:

Тергеу өте қатал түрде жүргізіледі. Алдын ала айтқанның өзінде, имеет состав. Сотқа жіберіледі. Алдын ала ветеринарлық іс-шара істелмеген. Еркіндіктен кейін адам көзқарасын өзгертіп, дұрыстап қызмет істеу керек.

Айжан ҚУАШ