Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Марафон барысында кептеліс орын алып, көпшіліктің ашуын туғызды

AstanaTV
05.09.2016ж. 20:00
2086
Марафон барысында кептеліс орын алып, көпшіліктің ашуын туғызды

«Астана марафонының» ұйымдастырылу деңгейі өте төмен! Халықтың шараға берген бағасы осы. Дәстүрге айналған марафон кезекті рет жалауын желбіретіп, оған 4,5 мыңға жуық адам қатысқан болатын. Арасында 28 мемлекеттен келген спортшылар да бар. Демалыс күні қаланың орталық көшелерінің басым бөлігі жабылып, бірнеше шақырымға созылған кептелісте тұрған халық діттеген жеріне жете алмай діңкеледі.

Айта кетейік, «Астана марафоны» қайырымдылық мақсатында ұйымдастырылды. Оған премьер-министр Кәрім Мәсімов пен бірқатар үкімет мүшелері қатысқан. Кептелісте "уақытын жоғалтқандардың наразылығы" үкімет басшысына да жеткен сыңайлы. Ол өзінің твиттердегі парақшасында «Марафонның ұйымдастырылу деңгейі мен кептеліске байланысты тұрғындардан шағым көп түсуде, ұйымдастырушылар ендігіде бұл жағдайды назардан тыс қалдырмауы керек. Қала әкімі Әсет Исекешевке мәселені жіті назарында ұстау тапсырылды», - деп жазды.  Марафонды ұйымдастыруда кемшіліктерге жол берілгені рас па? Астана қаласы әкімдігі өкілдерінің осы мәселеге қатысты түсінік беруін сұрап едік. Алайда, шахар шенеуніктері біздің сауалымызға жауап беруге асықпай отыр.