Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Маңғыстау облысында 30 әйел есірткі тұтыну бойынша есепте тұр

AstanaTV
06.03.2023ж. 08:22
906
Маңғыстау облысында 30 әйел есірткі тұтыну бойынша есепте тұр

Маңғыстауда 30 әйел есірткі тұтыну бойынша есепте тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жалпы, Маңғыстау облысында жыл басынан бері есірткіге қарсы 54 құқық бұзушылық анықталған. Оның ішінде 46-сы есірткі қылмысына қатысты теріс қылық дерегі болса, 6 есірткі заттарын сату және 2 аса ірі көлемде сақтау дерегі тіркелген.

2023 жылы заңсыз айналымнан 4 келі 244 грамм есірткі тәркіленген. Оның ішінде 2 келі 864 грамм марихуана, 1 келі 375,3 грамм синтетикалық есірткі мен 3,7 грамм гашиш, 1 грамм апиын бар.

«Жыл басынан бері қоғамдық орында есірткі саудасын жарнамалайтын 350 граффити жазулары анықталып, жойылды. Сонымен қатар, есірткі заттары мен олардың аналогтерін жарнамалайтын 15 интернет сайт бұғатталды», - деді Маңғыстау облысы ПД есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының аса маңызды тапсырмалар жөніндегі аға жедел уәкілі Камиль Будайчиев.

Сондай-ақ, өңірде 30 әйел есірткі тұтыну бойынша есепке алынған.

«Есірткіні қолдану адам ағзасының қалыпты жұмысына кері әсерін тигізіп, әр алуан өзгерістерге ұшырауына себеп болады. Тіпті, есірткі қолданатын әйелдердің сәбилерінен бастапқы кезеңде нашақорлық синдромдары байқалады. Жүкті ананың есірткіні тұтынуы шақалақтың шала тууына, дімкәс болуына әсер етеді. Бұл ғылым тұрғысынан дәлелденген», - деді Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының психикалық денсаулық орталығының бөлім меңгерушісі Қорлан Елеуова.