Елімізде мемлекеттік қызметшілерді ротациялауды жүргізу кезінде тұрғын үйді жалдау мақсатында ротациялық төлемдер енгізіледі.
Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев айтты.
Бүгін палата отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралды.
Заң жобасының негізгі мақсаты – елімізде мемлекеттік қызметті жетілдіру бойынша атқарылатын кешенді іс-шараларды жүзеге асыру. Құжат аясында бір кодекске және үш заңға түзету енгізу ескерілген.
Дархан Жазықбаевтың айтуынша, ұлттық және өзге де жобаларды іске асыру үшін мемлекеттік орган келісімшарт бойынша тартатын келісімшарттық қызметшілер институтын заңнамалық бекіту ескерілген. Мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында мемлекеттік аппарат штатын оңтайландырғаннан кейін, келісімшарттық қызметшілер институтын енгізу міндеті қойылған.
«Олар мемлекеттік қызметші санатына жатпайды. Бұл салалық жобаларды іске асыру кезеңіне арнаулы білімі бар кәсіби мамандарды тартуға мүмкіндік береді. Келісімшарт мерзімі бір жылдан аспайды. Келісімшарттық қызметшілерге қатысты нақты ереже мен тәртіп тиісті Үкімет қаулысында белгіленеді», - деді агенттік басшысы.
Сонымен қатар ол аталған құжатта ротациялық төлем енгізу қарастырылғанын айтты.
«Елімізде мемлекеттік қызметшілердің ротациясы енгізілген. Оның мақсаты – өңірлер арасында тәжірибе алмасу, қызметшінің тәжірибесін жан-жақты жетілдіру, сыбайлас жемқорлыққа тоқсқауыл қою. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, өзге өңірге ротацияланатын қызметшіге уақытша тұрғын үй берілуі тиіс. Алайда қызметтік пәтерлер жетіспегеннен кейін, ротацияланған қызметшілер өз қаражатына пәтер жалдауға мәжбүр. Бұл көптеген қызметшілердің ротациядан бас тартуына алып келеді. Ротациялық төлемді енгізу осы мәселені шешуше бағытталып отыр», - деді Д. Жазықбаев.
Осы орайда ол аталған төлемді енгізу үшін республикалық бюджеттік комиссия 2023-2025 жылдарға қажет қаражатты бөлуді мақұлдағанын жеткізді.