$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Құрылысшылар қордаланған қарыздың кесірінен пәтерлерінен айрылуы мүмкін

AstanaTV
07.09.2016ж. 20:00
2548
Құрылысшылар қордаланған қарыздың кесірінен пәтерлерінен айрылуы мүмкін

«Астана-Павлодар» автобанының бір бөлігін салған құрылысшылар пәтерлерінен айрылып қалуы мүмкін. Өйткені олардың жалақы қарызы қордаланып қалған. Ал баспаналарын жұмысшылар ипотекалық несиеге алыпты. Бұл туралы "Астана" арнасының тілшілеріне мердігер компанияның басшысы Вячеслав Савинов айтты. Айта кетейік, республикалық маңызы бар автобан «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынып жатыр. Савиновтың сөзінше, бас мердігер мәселені жуық арада шешуге уәде берген. Тіпті ақшаны аударатын қосымша есепшот ашылады,- деген әңгіме де қозғалды. Алайда, екі айдан бері өзгеріс жоқ. Тығырыққа тірелген жұмысшылар еңбекақы дауының шешілгенін қалайды, олай болмаса жағдай қиындайтын түрі бар,- дейді Савинов мырза.

Вячеслав Савинов, мердігер фирманың өкілі:

Банктердің үстемесі күн санап өсуде. Қарыз төленбесе, баспаналарынан айрылып қалуы мүмкін. Сандарға келсек, тек біздің фирманың еңбекақы бойынша берешегі 60 млн теңгеден асты. Бұған 47 млн теңгеге жеткен салық қарызы мен құрылыс материалдарына, жанармай, тамақтандыруға кеткен 54 млн теңгені қосыңыз. Қазірде жалпы берешектің көлемі 163 млн теңгені құрап отыр. 

Республикалық маңызы бар жобаның бас мердігері «Автодорсервис» серіктестігінің акционерлері арасында дау туындаған. Қаржылық дағдарысқа осы жағдай себеп болған сыңайлы. Өзара келісе алмаған құрылтайшылар бүгінде соттасып жатыр. Кәсіпорынның есепшоттары бұғатталған. Салдарынан жол құрылысын жүргізген үш мердігер фирманың 450 жұмысшысы бес айға жуық жалақы ала алмай отыр. Құрылыс жұмыстары шілдеден бері тоқтап тұр. Бұған дейін «Астана-Павлодар» автобанының Ленин кенті мен Пограничник ауылы арасындағы жол құрылысы екі ауысымда, еш ауытқусыз жүргізіліп келген. 25 шақырымдай аумақты жол жөндеушілер мерзімінен бұрын тапсыруды жоспарлаған еді. Құны 10 млрд теңгеге бағаланған «Орталық-Шығыс» республикалық жобасы 2017 жылы аяқталуы тиіс болатын.