Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Жыл басынан бері 3 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

14.03.2023ж. 20:00
1477
Жыл басынан бері 3 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

Жыл басынан бері 3 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды. Ал тәуелсіздік алғалы миллионнан астам отандасымыз елге оралды. Оның жартысынан астамы-Өзбекстаннан келген.

Мейірбек Сламов Өзбекстаннан оралған. Атажұртқа табан тірегеніне небәрі 1 ай болыпты. Айтуынша, бірінші інісі, сосын өзі келген. Ол қазір қандас мәртебесін алып, азаматтыққа өтініш беріп отыр.

Мейірбек СЛАМОВ, ҚАНДАС:

Қазақстан бізге ыңғайлы. Жақсы қолдау көрсетіп, қандас куәлікті 3 күннің ішінде алып. Қазіргі таңда азаматтыққа тапсырдым. Келгеніме бір ай болды. Бірінші інім келді. Сосын өзім келдім. Келешекте сол отбасымды әпкелу жоспарда бар.

Мамандар елге оралғысы келетіндердің күн санап артып жатқанын айтады. Күніне шамамен орталық мамандары 30-40 адамды қабылдайды. Елорданың өзінде бір айда 300-ден аса отандасымыз қандас мәртебесін алған.

Зкура КАРДИЕВА, ҚАЛАЛЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

Шетелдік паспорттарын, сосын туу туралы куәліктерін тапсырады немесе шыққан елдерінен арнайы алынған органдардан алынған. Жанағы этникалық қазақ екенін растайтын құжат тапсырады. Құжаттар түгел болған кезде 3 күн ішінде қаралып қандас мәртебесі беріледі.

Ресми мәліметке сүйенсек 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 110,1 мың этникалық қазақ көшіп келген. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, жыл басынан бері елге оралған қандастардың жартысы яғни 50,0% Өзбекстаннан, 16,3%-ы – Қытайдан, 15,9%-ы – Ресейден, 8,4%-ы – Түрікменстаннан, 4,5%-ы – Моңғолиядан және 4,9%-ы басқа елдерден келген.

Айта кетейік қандас мәртебесі тек бір жылға дейін жарамды. Сол аралықта азаматтық алып үлгеру керек.