$515.25 €535.91 ₽5.18
×

Қызылордада халықаралық талаптарға сай келетін әуежайдың құрылысы басталды

Қызылордада халықаралық талаптарға сай келетін әуежайдың құрылысы басталды

Қызылордада халықаралық талаптарға сай келетін әуежай салынатын болды. Бұған дейін шетелге шығатын азаматтар өзге өңірлер арқылы ұшатын. Келесі жылы бұл мәселе түбегейлі шешіледі дейді жергілікті билік өкілдері. Аймақта жаңа әуежай құрылысының іргетасы қаланды. Сонымен қатар, жаңа баспаналардың кілті табысталып, апатты үйдің тұрғындары қуанышқа бөленді.

Әлима Әбішованың Титов қыстағындағы бұрыңғы баспанасы апатты деп танылған. Ол содан бері 3 жыл кезекте тұрған екен. Қоныс тойын асыға күткен отбасы мереке қарсаңында пәтер кілтін алды.

Әлима ӘБІШОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Келіп жатырмыз жаңа үйге. Қызылорда тұрғындарына, пәтер кезегінде тұрған тұрғындарға осындай күнді тілеймін. Келе жатқан наурыз мерекеміз құтты болсын.

Қазіргі таңда қалада апатты үйдің 500 тұрғыны өз кезектерін күтуде. Мереке қарсаңында осындай 40 отбасы жаңа баспанаға ие болды.

Ұлыстың ұлы күніне орай жаңа әуежай терминалының да іргетасы қаланды. Құны 31 млн. АҚШ долларын құрайтын жоба «Болат Өтемұратов» қорының қаражаты есебінен салынады. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев көлемі 7,5 шақырымнан асатын нысан құрылысы келесі жылы аяқталады деді. Нәтижесінде жолаушы және жүк тасымалы екі есе артпақ.

Нұрлыбек НӘЛІБАЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ:

Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Кемелұлының Алаштың анасына балаған Сыр елін ерекше қолдауының арқасында аймағымызда көптеген ірі жобалар жүзеге асуда. Аталған жоба өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін беріп, әуе көлігі қызметтерін халықаралық деңгейге жеткізуге, авиациялық қауіпсіздікті күшейтуге, жаңа әуежай бағыттарының ашылуына мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда нысан басында 110 жұмысшы тер төгуде. Олардың 85-і жергілікті тұрғындар болса, қалғаны шетелдік мамандар. Алдағы уақытта тағы 500-ге жуық азамат жұмысқа тартылмақ.