Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Қазақстанда алғаш рет синтетикалық протезбен бауыр трансплантациясы жасалды

AstanaTV
17.03.2023ж. 09:14
1597
Қазақстанда алғаш рет синтетикалық протезбен бауыр трансплантациясы жасалды

Қазақстанда алғаш рет синтетикалық протезбен бауыр трансплантациясы жасалды,-деп хабарлайды Қазақстан Телеарнасы.

Науқастың бауыры ғана емес, бұл ағза мен жүректі жалғап тұрған қан тамырлары да ауыстырылды. Табиғи тамыр орнына жасанды қан өткізгіштер қойылды. Астанадағы Ұлттық ғылыми онкология орталығының мамандары күрделі операцияны сәтті аяқтады.

30 жастағы Мөлдірдің бауыры ауырғанына 7 жыл. Диагнозы-альвеококкоз. Яғни, ішке түскен паразит бауырды түгелдей жеп, өт жолы мен қан тамырларды қысып тастаған. Кейін жүрекке жете бастаған. Осы уақытқа дейін науқасқа 4 операция жасалған. Бірақ, олардың бәрі бауырдың жұмысын уақытша жақсартудың қамы еді. Ал, осы жолы жанына батқан дерттен толық айықты.

Мөлдір Мұстафина, Астана қаласының тұрғыны:

2016 жылы жаз айында қойылған болатын диагноз. Тек қана трансплантация жасауға болады. Трупный донордан деді. Родственныйдан жасауға келмейді деген болатын ол кезде. Ол кезде мұндай практика болған жоқ. Сол кезде біз лист ожиданияға тұрдық. Бірақ, 7 жыл ішінде маған сәйкес табылмады.

Ал биыл Мөлдірге туған ағасы бауырының 65 пайызын берген. Өзі 35 пайыз бауырмен өмір сүріп жүр. Бірақ, ағза тез өсіп, 3 ай ішінде қайта қалпына келеді.

Рамил Мұстафин, ағасы:

Менің қаным тобы қарындасыммен бірдей даже салмақ бәрі келетін болыпты. Өзім 1 ауыздан шешім қабылдадым. Ол бауыр деген өседі, өсіп кетеді. Ол қарындасымның аманшылығын ойладым, артында бала-шағасы бар.

Қазақстанда бауыр трансплантациясы 2013 жылы басталған. Бүгінге дейін 70 ота жасалғанымен, операцияның осы түрі алғаш рет. Өйткені, бұл жолы тек бауыр емес, тамырлар да ауыстырылды. Жасанды синтетикалық протездер Үндістаннан алынған. Операция қиын болғасын сол елден маман шақырылды.

Селвакумар Наганахан, үндістандық дәрігер:

Мен осыған ұқсас 20-дан астам операцияға қатыстым. Мұның қиындығы жүрек қызметі мен жүрек-өкпе айналымын уақытша тоқтату керек. Ол үшін бізге кардиохирургия орталығының мамандары көмекке келді. Қазақстандағы алғашқы жұмыс сәтті аяқталды. Енді тұрақты түрде жасауға болады.

Үндістандық маманның сөзінше, ол жақта жылына 3 мыңдай бауыр трансплантациясы жасалады. Қазақстанда да бауыр дертіне шалдыққандар көп. Ауру алғашында білінбейтіндіктен, олар көбіне дәрігерге кеш қаралады.

Тоқан Сұлтаналиев, медицина ғылымдарының докторы:

Қазақстанда эпидемиологический регион дейді. Бізде ветеринарлық жұмыстар қазір онша жөнді жұмыста емес. Ихонокок, альвекок олар көбінесе түлкіде, итте болады. Солардан адамға жұғады. Ветеринарный служба соның жұмысы көтеріп, аңдардың санын азайтып, солардан емдеу керек меніңше.

Басқа ағзаларға қарағанда бауырды ауыстыру қиын. Басты мәселе донор жетіспейді. Өйткені, қан тобы сәйкес келуі керек. Бірақ, қазір қан тобы басқа болса да, бауырды ауыстыру мүмкіндіктері қаралып жатыр,-дейді мамандар. Ал, қайтыс болған адамның ағзасын алу үшін туысының рұқсаты керек. Бұл жұмысты созбалаңға салады, оның үстіне көбі келіспейді. Сол себепті, былтыр 2 операция ғана жасалса, биыл 1-ақ адамның бауыры ауыстырылған. Ал, Мөлдір сияқты 350 адам кезекте тұр.