$478.58 €520.84 ₽5.44
×

Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккендер үшін салынатын үйлердің қазығы қағылды

AstanaTV
22.03.2023ж. 16:55
817
Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккендер үшін салынатын үйлердің қазығы қағылды

Ақтөбе облысының Қобда ауданында су тасқынынан зардап шеккендер үшін салынатын үйлердің қазығы қағылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат аймақ басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жаңа үйлер Қобда ауылының «Жаңақоныс» шағын ауданында бой көтереді. Барлық инфрақұрылым бар, көгілдір отын, ауыз су, электр желісі тартылған. Үйлер биылғы 1 маусымда пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

«Қобда ауылында болған табиғи апатқа қарамастан, біз бірлігіміз, ынтымағымызды көрсетіп, үлкен істі бастағалы отырмыз. Міне, бүгін Наурыз мейрамында үйлердің қазығы қағылды. Құрылыс барысында өздеріңізбен бірге боламын. Көп созбай, екі айдың ішінде құрылысты бітіреміз. Осындай істе бір-бірімізді демесек, еліміз тұрақты дамиды», - деді Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов.

Құрылысы басталған 24 үй төтенше жағдайға қарастырылған бюджетке салынады. Құрылыс жоспарын көрген ауыл тұрғындары да пікір білдірді.

«Қиын күндерді басымыздан өткердік. 20 жыл Қобда ауылында тұрсам да, бірінші рет су тасқынын көрдім. Үйім жарамсыз болып қалды. Үйді осы «Жаңақоныс» шағын ауданынан саламыз дегенде қуандым. Өйткені, газ, су, жарығы тартылған. Үйдің жоспарын көрдім. Өте кең, әдемі болады деп ойлаймын. Қоныстанған соң, қожалық ашып, мал бағуды ойлап отырмын», - деді ауыл тұрғыны Жаңабай Шәріпұлы.

Аумағы 100 шаршы метрлік, бір типті үйлердің құрылысымен бес мердігер айналысады. Облыс әкімі құрылыс компаниялары әр үйдің сапалы болуына бар күштерін салатынына, белгіленген мерзімде оны пайдалануға беретініне сенім білдірді.

Сондай-ақ, шаруа қожалықтарының иелері де үй тұрғызуға ынталы. Мәселен, «Бәйтерек» және «Алтын дала» шаруа қожалықтары ауылдағы жас маман – ветеринардың баспанасын салуға көмектеседі. Мұндағы мақсат – ауылда жас мамандардың қалуына сеп болу, жағдай жасау.

Жалпы, Қобда ауылында аудан әкімі Б. Құловтың шешімімен жарияланған төтенше жағдай режимі әлі де сақталып отыр.

Айта кетсек, су тасқыны кезеңінде Қобда ауылында 78 үй, 22 аула аумағы еріген қар суының астында қалды. Залалды бағалау жөніндегі комиссияның алдын ала мәліметтеріне сәйкес, 7 үй қалпына келтірілмейді, 4 үйдің қабырғалары құлаған, олар апатты деп танылды, 13 үй суда тұр.