Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Хиллари Клинтонға өкпе қабынуы деген диагноз қойылды

AstanaTV
13.09.2016ж. 20:00
3353
Хиллари Клинтонға өкпе қабынуы деген диагноз қойылды

АҚШ-тың сайлауалды додасында күтпеген жаңалық болуы мүмкін. Демократтардан ұсынылған кандидат Хиллари Клинтонның денсаулығы сыр берген сыңайлы. 11 қыркүйектегі терактінің орын алуына 15 жыл толғанына орай өткен шарада оның жағдайы нашарлап кетті. Дәрігерлер «өкпесі қабынған» деген диагноз қойды. Кейін экс-мемлекеттік хатшының жағдайы жақсарғаны туралы хабар тараған. Алайда бұл америкалықтар мен ақпарат құралдарын тыныштандыра алмады, кандидаттардың бірі жарыс жолынан шығып қалса, сайлау не болмақ, деген сауал маза берер емес.

Манхэттендегі қызының үйіне келген Клинтон сыр білдірмеуге тырысып бағуда. Алайда ақпарат құралдары өкілдерінің онымен тілдесуіне рұқсат жоқ. Жолы болған қыз бала кандидатпен суретке түсіп үлгерді. Ал мына бейнематериал қаралы рәсім кезінде түсірілген. Көлігіне бет алған Клинтонды көмекшісі демеп келеді. Кейін демеушілердің қатарына тағы адам қосылып, Хиллари ханым тепе-теңдікті әзер ұстап қалды. Кандидаттың сайлауалды штабы оқиғаны үміткерге күн өтіп, пневмонияға шалдыққанымен түсіндірді.

Билл Клинтон, Хиллари Клинтонның жұбайы, АҚШ-тың бұрынғы президенті:

Осыған ұқсас жағдайлар бұған дейін де болған, жылына кем дегенде бір рет қайталанып тұрды. Бірақ бұған қарамастан, Хиллари мемлекеттік хатшы, сенатор қызметтерін атқарып келді.

Билл Клинтонның сөзі жағдайды тіпті ушықтырды. Қоғам экс-мемлекеттік хатшының барлық аурулары мен талмаларын жіпке тізді. Тек қарсыласының кез-келген шалыс қадамын қалт жібермейтін Дональд Трамп қана тыныш. Ол тіпті Клинтонның денсаулығын әңгімеге арқау еткен қоластындығыларға қатаң ескерту жасапты.

Дональд Трамп, Республикалық партия атынан АҚШ президенттігіне үміткер:

Бұл оқиғаның анық-қанығын білмеймін. Бірақ жағдайдың түзелерінен үміттімін. Қатарға қосылып, сөзжарыста кездесеміз деп ойлаймын.

Трамптың бұл пікіріне The Washington Post басылымы күмән келтіреді. Мақала авторы «республикашылдар Клинтонның жасырын дертінен хабардар» дегенді меңзеп отыр. Саяси сарапшылардың пікірі де әрқилы.

Майкл Корнфилд, Джорджтаун университетінің доценті:

Хиллари Клинтон үшін соңғы апта қиынға соқты. Алайда бұл Дональд Трампқа ұпай қоспайды. Жағдай шынымен күрделі болса, сайлау не болмақ? Ол сценарийге ешкім дайын емес. Үміткердің денсаулығы бірнеше күннен кейін қалпына келеді деп сенеміз. Бар болғаны осы.

Ал электорат кандидаттардың бірі денсаулығына байланысты жарыстан шығып қалса не болады деген мәселеге алаңдаулы. Егер Хиллари жеңіске жетіп, кейін міндетін атқара алмаса оны вице-президент мойынына ала ма деген сұрақтың да жауабы жоқ. Ұлттық демократиялық комитеттің жаңа кандидат таңдауға құзыры бар. Алайда, халық сайлауалды доданың қызығы мен шыжығын көрмеген кандидатқа ере ме? Бұл жағы да жұмбақ. Қысқасы, сайлаушылар мәселеге соңғы нүкте сөзжарыста қойылады деп үміттенеді. 

Азамат АЛДОҢҒАРОВ